ДИКТОР: Былтырдан бастап Степногорск қаласында отбасын сүйемелдеу және қолдау орталығы жұмыс істейді. Мұнда өмірлік қиын жағдайға тап болған әр отбасыға психологиялық, әлеуметтік және заңдық тұрғыда көмек көрсетіледі. Былтыр орталыққа келушілер 500-ге жуық қызмет түрін алған.

РКС: Гүлжан Әлжанованың қызы орталық ашылғалы бері келіп жүр. Аптасына бірнеше рет логопед пен әлеуметтік қызмет түрін алады. Қазірдің өзінде өзгеріс байқалады, - дейді Гүлжан. Айта кету қажет, орталық барлық қажетті жабдықтармен және техникалық құралдармен жарақтандырылған.

СНХ: ГҮЛЖАН ӘЛЖАНОВА, ОРТАЛЫҚ ТӘРБИЕЛЕНУШІСІНІҢ АНАСЫ: Қызыма осы жер қатты ұнайды. Олардың көңілін көтеру үшін түрлі қызықты шаралар ұйымдастырылады. Басшылығына алғысымды жеткізгім келеді. Бұл кісілердің еңбегі зор.

РКС: Былтыр қазан айында орталық "Табысты отбасы" жобасын ұйымдастырды. Оған 15-тен астам нәзік жанды қатысты. Одан әрі табыс табу үшін жаңа мамандықты игергендерге сертификаттар табыс етілді.

СНХ: САЛТАНАТ ЖЕТПІСБАЕВА, СТЕПНОГОРСК ҚАЛАЛЫҚ ОТБАСЫН СҮЙЕМЕЛДЕУ ЖӘНЕ ҚОЛДАУ ЖӨНІНДЕГІ ОРТАЛЫҚТЫҢ ДИРЕКТОРЫ: Орталық негізінен қызмет түрлерін көрсетеді. Мемлекеттік, кешенді кеңес беру қызметтерін жүзеге асырамыз. Сонымен бірге отбасы институтын нығайтуға бағытталған шаралар да ұйымдастырылады. Жұмысқа тұруға қатысты сұрақпен келген азаматтарға да жәрдемдесеміз. Логопед қызметі бар, мүмкіндігі шектеулі жандарға және 18-ден асқан психологиялық-неврологиялық сырқаты бар жандарға арнайы әлеуметтік қызмет көрсететін бөлімше де жұмыс істеп тұр.

РКС: Былтыр Ақмола облысы бойынша отбасын сүйемелдеу және қолдау ға бағытталған 5 орталық жұмысын бастады. Олар Қосшы, Степногорск қалаларында, Атбасар, Бурабай және Шортанды аудандарында орналасқан. Биыл тағы екі орталық ашылады деген жоспар бар. Олардың қызметін қамтамасыз ету үшін облыстық қазынадан 70 миллион теңгеден астам қаржы бөлінді.

САМАЛ ЫСҚАҚОВА, ЗАРИНА БЕКҚАЛИЕВА, ДАРХАН МҮЖІБАЕВ, АРДАҚ ТІЛЕУҒАБЫЛОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ