ДИКТОР: 236 ақмолалық Алтын белгі иегері атанды. 11 жылғы білімдерін дәлелдеп, аталмыш жетістікке жеткен үздіктерді облыс әкімі Марат Ахметжанов құттықтап, кеуделеріне алтын белгілерін тақты.

РКС: Биыл облыс мектептерін 5 мыңға жуық түлек тәмамдады. Олардың 236-сы «Алтын белгі» иегері атанып отыр. 11 жылды артқа тастап, керемет жетістікке қол жеткізген түлектер мен ұстаздар қауымын және ата-аналарды құттықтаған Марат Ахметжанов жастарға үлкен үміт артатынын жеткізді.

СНХ: МАРАТ АХМЕТЖАНОВ, АҚМОЛА ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ: Тек білім арқылы ғасыр қозғалады. Тек білім жүректің нұры. Еліміздің болашағы сіздердің қолдарыңызда, құрметті түлектер. Туған өлкемізді дамыту мен гүлдендіруде үлкен жауапкершілік сіздерге жүктеліп отыр. Ең бастысы өмірде әр ісіне, әр қадамына жауапкершілікпен қарайтын адал азамат болыңыздар.

РКС: Әрине, әр оқушының артында білімді ұстаз, білікті маман тұр. Шәкіртім менен ассын деп, алдына келген әр баланың тұлға болып қалыптасуына айтарлықтай үлес қосып жүрген мұғалімдерге кенде емеспіз. Марат Ахметжанов саналы ұрпақ тәрбиелеу жолында жылдар бойы аянбай тер төккен ардагер ұстаздарға алғысын білдірді. Оларға облыс әкімінің атынан құрмет көрсетіліп, гүл шоқтары тарту етілді. Бұдан кейін аймақ басшысы үздік оқушылардың әрқайсының кеудесіне алтын белгісін тағып, 100 мың теңгенің ақшалай сертификатын табыстады. Құрметке ие болғандардың бірі Абай атындағы дарынды балаларға арналған №3 облыстық мамандандырылған мектеп-интернатының түлегі Әділ Дәулетбаев.

СНХ: ӘДІЛ ДӘУЛЕТБАЕВ, АБАЙ АТЫНДАҒЫ ДАРЫНДЫ БАЛАЛАРҒА АРНАЛҒАН №3 ОБЛЫСТЫҚ МАМАНДАНДЫРЫЛҒАН МЕКТЕП-ИНТЕРНАТЫНЫҢ ТҮЛЕГІ: Мен дарынды оқушылар қатарынан табылып, бірнеше мәрте облыстық, республикалық деңгейдегі олимпиадалар мен конкурстардың жүлдегері атандым. Осы сәтті пайдаланып, ең алдымен, бізге қолдау көрсеткен қамқоршы ата-аналарымызға, сапалы білім мен саналы тәрбие беріп отырған ұстаздарымызға алғысымызды білдіреміз. Біз, жас түлектер, білімімізді одан әрі шыңдап, жоғары білім алып, бір-бір мамандық иесі атанып, ел дамуына өз үлесін қосатын азаматы болып бізге артылған үмітті ақтауға тиіспіз.

РКС: Бұл түлектер 11 жыл бойы білім нәрімен сусындап өздерінің де, ұстаздарының да қажырлы еңбегін ақтай білді. Талай жобалар мен олимпиадалардың жүлдегерлері, бірнеше тілді жетік меңгерген жан-жақты жастар. Олардың ендігі мақсаты қалаған мамандықтарын меңгеріп, ел дамуына үлес қосу.

ИНТЕРШУМ:

ФАРИЗА АСЫЛБЕКОВА, МЕДЕТ ҚАЙЫРКЕНОВ, АРДАҚ ТІЛЕУҒАБЫЛОВ КӨКШЕ АҚПАРАТ