ДИКТОР: Облыс орталығында өткен байқауға 90-ға жуық команда қатысты. 24 сағаттық жарыста «Aqmola IT Hub» технопаркі және Болашақ сарайының ұйымдастыруымен өңірдің қалалары мен аудандарынан келген жастар өздерінің үздік жұмыстарын ұсынды. Турнир үш бағыт бойынша өтті. Бұл логотип дизайны, бейнежарнама және веб-сайттың әзірленуі. Хакатонның жалпы жүлде қоры 2 млн теңгеден асады.

РКС: «Бейне жарнама» бағыты бойынша күміс жүлдені Жанайдар Мусин атындағы Көкшетау жоғары қазақ педагогикалық колледжінің студенті Медет Шәріптің командасы иеленді. «Информатика» мамандығын меңгеріп жатқан 2-ші курс студентінің Хакатонға алғаш қатысуы. Қазылар алқасы қатысушылардың қиялы мен шығармашылығына баса назар аударған. Сонымен қатар, жобаның SMM жарнамасындағы әлеуетіне де баға берілді.

СНХ: МЕДЕТ ШӘРІП, «KOKSHETAU DIGITAL HACKATHON 1.0» ТУРНИРІНІҢ КҮМІС ЖҮЛДЕГЕРІ: Хакатонға бірінші рет қатысып жатырмын. Бұл үлкен эмоция болды. Маған қатты ұнады. Мен видеореклама сайысына қатыстым. Ақмола Hub-қа және спонсорларға үлкен алғыс білдіремін. Себебі, бізді тегін Бурабайға апарғызды. Видеореклама түсіруге мүмкіндік бергені үшін. Видеоның уақыты 1 мин пен 30 секундтың аралығы болды. Біз 58 секунд түсіріп, толықтай видеоны жібердік. Шамамен 5 сағаттай кетті. 2 сағат жұмсап видео түсірдік. Бурабайда 3 сағат түсірдік.

РКС: Ұйымдастырушылардың айтуынша, Хакатон ойлағандарынан да асып түскен. Сайыста өзара 140-қа тарта қатысушы бақ сынасты. Бұл іс-шара облыс бойынша IT саласының дамуына серпін бергені анық.

СНХ: ДИАН АЙБАШПАНОВ, «AQMOLA IT HUB» ЖЕТЕКШІСІ: Ұйымдастырушылардың бірі атап өткендей, мұнда өз ісінің майталмандары жиылған. Сонымен қатар, сайысқа жолын енді бастап жатқан, тәжірибелі, орта деңгейлі де жастар бар. Олар бұл бәсекелестікке куә болып, өзге қатысушылардың жұмыстарын көрді. Бұл олардың деңгейінің өсуіне, облысымыздағы барлық салалардың, экономика мен мәдениеттің дамуына септігін тигізеді. Барлық қатысушыларға алғысымды білдіремін. Олар бір жерде тұрақтап қалмай, ары қарай дамып жатыр. Кез-келген адам қандай да бір идеяны жүзеге асырғысы келсе, қызығушылығы оянып жатса, Aqmola Hub-қа келсін. Қол ұшын созуға, кеңес беруге дайынбыз.

РКС: Хакатон Ақмола облысында IT саланың даму әлеуеті жоғары екенін айтады ұйымдастырушылар. Болашақта шығармашылықпен, техникалық саламен айналысатын адамдарды ынталандыру жұмыстары жалғаспақ. Айта кетейік, шілде айында осындай ауқымды бейнетүсірілім жарысын өткізу жоспарланып отыр.

МАҚПАЛ ЕРҒАЛИЕВА, ЭЛЬМИРА ОСПАНОВА, ӘЛІШЕР ШАКУБАЕВ, АРДАҚ ТІЛЕУҒАБЫЛОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ