ДИКТОР: Облыс басшылығы Американың Аризона штатындағы университетпен әріптестік мүмкіндіктерін талқылады. Шетелдік делегациямен кездесуге облыс әкімі Марат Ахметжанов, басқарма басшылары және Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің өкілдері қатысты. Қос тараптың бірігуінің арқасында Қазақстандағы азық-түлік және ауыл шаруашылығы дақылдарының өнімділігін арттыруға бағытталған зерттеу жұмыстары жүргізілмек.

РКС: Аризона университеті делегациясының келуі екі ел үшін де жаңа мүмкіндіктер ашуда. Келіссөздер осыдан 2 ай бұрын басталған. Сол кезде аймақ басшысы Марат Ахметжанов облысымыздың табысты ауылшаруашылық зерттеушілерімен қарым-қатынасты дамытуға мүдделі екенін жеткізген болатын. Бұл саладағы бәсекеге қабілеттіліктің кепілі – ғылыми негізделген жаңа технологиялардың енгізілуі.

СНХ: МАРАТ АХМЕТЖАНОВ, АҚМОЛА ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ: Екі айдың ішінде осы бүгінгі отырыс – жақсы жалғасы...

РКС: Ел Президентінің тапсырмасына сәйкес, Қазақстанның 15 жоғары оқу орнында академиялық шеберлік Орталықтары құрылуда. Кездесуде ғылыми зерттеулерге қолдау білдірудің бір жолы – екі оқу орны және облыс басшылығынан тұратын үштікті құру екендігі айтылды. Көкшетау университетінің өкілдері атап өткендей, агроөнеркәсіп саласын меңгеріп жүрген студенттер оқудың көп бөлігін партада емес, тәжірибе алаңында өткізеді. Бұл ретте, Аризона штаты университетінің профессорлары облыстағы ауылшаруашылығы саласының зерттеулерімен танысты.

СНХ: МАРДЕН БАЙДАЛИН, Ш. УӘЛИХАНОВ АТЫНДАҒЫ КӨКШЕТАУ УНИВЕРСИТЕТІ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАСШЫСЫ: Ауыл шаруашылығы саласында біздің өңір үшін өзекті болып саналатын сұрақтар бойынша зерттеу жұмыстары жүргізіледі. Нақтырақ айтсақ, шабындықтар мен жайылымдар құру және олардың жағдайын жақсарту, оларды ұтымды пайдалану, сүтті ірі қараның азық-түлік базасын нығайту басты назарда. Сонымен қатар, ауыл шаруашылығы дақылдарының минералды қоректенуін оңтайландыру үшін нақты егіншілік элементтері қолданылады. Ауыл шаруашылығы дақылдарының сұрыптары мен өсімдіктерді қорғау құралдарына экологиялық зерттеу жүргізіледі.

РКС: Аризона штатының университеті су ресурстарын басқару, өнім сапасын жақсарту және экология сұрақтары бойынша ғылыми сараптама ұсынуға әзір. Ақмолалықтардың бұл серіктестіктен күтері мол. Айталық, өңірдің жас ғалымдары тасқынмен күресуді зерттеуге грант ұтып алған. Кездесуден кейін делегация мүшелері облыстағы ауылшаруашылық мекемелерге барды.

ФАРИЗА АСЫЛБЕКОВА, ЭЛЬМИРА ОСПАНОВА, ЖҮРСІН ӨМІРЗАҚ, АРДАҚ ТІЛЕУҒАБЫЛОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ