ДИКТОР: Биыл Бұланды ауданының экономикасын дамытуға 1,5 миллиард теңгеден аса инвестиция тартылды. Шағын және орта бизнес субъектілерінің саны да біршама артты. 300-ге жуық жаңа жұмыс орны ашылды. 4 айдың қорытындысы бойынша ауыл шаруашылығы және өнеркәсіп салаларында өндіріс көлемі мен бөлшек тауар айналымы ұлғайған. Аудан басшысы Ардақ Смайылов жергілікті атқарушы орган жұмысының басты мақсаты – халықтың өмір сүру сапасын арттыру екенін баса айтты.
РКС: Ауданда өткен жылмен салыстырғанда орташа жалақы 12 процентке өсті. Бюджетке 3 млрд 163 млн теңге салық және басқа да міндетті төлемдер түсті. Облыстың негізгі дамуының бағыты – ауыл шаруашылығы саласы. Егіс науқанына 700 техника жұмылдырылып, қажетті тұқым қоры дайындалған. Ауыл шаруашылығы өнімінің жалпы көлемі 35,5 млрд теңгені құрады.
СНХ: АРДАҚ СМАЙЫЛОВ, БҰЛАНДЫ АУДАНЫНЫҢ ӘКІМІ: Аудан шаруашылықтарының барлық санаттарымен таза салмақта 36,8 мың тонна ет, 5 мың тонна сүт өндірілді. 1 миллион 308 мың данадан астам тауық жұмыртқасы алынды. Биыл 244 мың гектар алқапқа көктемгі егіс, оның ішінде 202,3 мың гектар алқапқа дәнді және дәнді-бұршақты,39,8 мың гектарға майлы дақылдар егу жоспарлануда. Бүгінгі күнге 82 процентке егін егу жұмыстары орындалды.
РКС: Көлік инфрақұрылымы саласында жалпы құны шамамен 620 миллион теңгенің бірнеше жобасы жүзеге асырылуда. Макинск қаласы мен Никольское ауылының жолдары орташа жөндеуден өтеді. Вознесенка ауылына көпір салынады. Сумен жабдықтау мәселесі де жүйелі түрде шешімін тауып келеді. Биыл су құбыры желілерін салуға және қайта жаңғыртуға 4 миллиард 46 миллион теңгеден аса қаржы қарастырылған.
СНХ: АРДАҚ СМАЙЫЛОВ, БҰЛАНДЫ АУДАНЫНЫҢ ӘКІМІ: Су құбырын тарту үшін республикалық бюджеттен 3 миллиард 880 миллион теңгеден астам, облыстық бюджеттен 165 млн 354 мың теңге бөлінді. Ол Макинск, Вознесенка, Партизанка, Алакөл, Жаңаталап, Айнакөл ауылдарына су құбыры тартылады. Бұл екі жылға жоспарланған жобалар. Новодонецк, Тастыөзек, Отрадное ауылдарын сапалы ауыз сумен қамту жұмыстары биыл аяқталады. Вознесенка, Никольское ауылдарының көшелеріне жарық тарту мақсатына облыстық бюджеттен 40 миллион теңгеге жуық қаржы бөлінді.
РКС: Өңірде әлеуметтік саланы дамытуға да көңіл бөлінуде. Никольское және Вознесенка ауылдарында мәдениет үйлерінің құрылысы жүргізілуде. Ауданда 4 мектеп пен 2 балабақшаға ағымдағы, 3 мектепке күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Бұл үшін облыстық бюджеттен 485 миллион теңге бөлініп отыр. Халықтың осал топтарын қолдауға бағытталған кешенді шаралар жүзеге асырылуда. 12 отбасы атаулы көмек алуда.
МАҚПАЛ АЙБАБИНА, ЭЛЬМИРА ОСПАНОВА, МЕДЕТ ҚАЙЫРКЕНОВ, АЛМАС СӘДУАҚАСОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ.