ДИКТОР: Мектепте дейінгі тәрбие мекемелерінде даярлық топтарының түлектеріне балабақшамен қоштасу шаралары өтіп жатыр. Көкшетаудағы "Арай" бөбекжайында "Қош бол, балабақшам!" атты іс шара ұйымдастырылып, бүлдіршіндер ұшқыш мамандығы туралы жан-жақты ақпарат алды.

РКС: "Арай" бөбекжайындағы "Шұғыла" тобының бүлдіршіндері бақшамен қоштасу шарасына ерекше дайындықпен келген. Қыздар стюардесса, ұлдар ұшқыш болып киініп, экипаж мүшелерінің міндеттерімен жақынырақ танысты. Ұшқыштарға арналған әндерді орындап, мамандықтың қыр сырын меңгерді.

СНХ: НҰРЛЫГҮЛ ҚҰРМАШЕВА, "АРАЙ" БАЛАБАҚШАСЫНЫҢ МЕҢГЕРУШІСІ: Биылғы жылы 6 мектепалды тобымыздан 72 баламызды алтын ұямыздан ұшырып, мектепке шығарып салғалы отырмыз. Олардың әрқайсысы мектепалды даярлық тобынан білімнің іргетасын қалап, үлгілі оқушы болатынына сеніміміз мол. Түлектеріміздің алар білімдері көп болсын, ерінбейтін еңбекқор азамат болсын деген тілегімізді білдіреміз.

РКС: Облыс аумағында биыл мектепке дейінгі тәрбие мекемелерінен 8 мыңға жуық, мектептердегі даярлық сыныптардан 5500-ге жуық бала түлеп ұшты. Алдын ала болжам бойынша биыл мектеп табалдырығын 13 мыңға жуық бүлдіршін алғаш рет аттамақ.

МАҚПАЛ АЙБАБИНА, ӘЛІШЕР ШАКУБАЕВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ