ДИКТОР: Ауыр атлетикадан Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген спорт шебері, жерлесіміз Анна Нұрмұхамбетоваға 2012 жылы Ұлыбританияның астанасы Лондонда өткен жазғы Олимпиадалық ойындарының күміс медалі ресми түрде табысталды. Зілтемірші допинг жанжалына байланысты орындарды қайта үлестіргеннен кейін лайықты марапатқа ие болды. Олимпиаданың күміс медалі Перудың астанасы – Лимада ауыр атлетикадан жасөспірімдер арасындағы әлем біріншілігінде салтанатты түрде табыс етілді. Спортшыны жерлестері Астана қаласының халықаралық әуежайынан қарсы алды.
ИНТЕРШУМ:
РКС: Анна Нұрмұхамбетова 1993 жылы Қостанай облысында дүниеге келген. Кейіннен Көкшетауға қоныс аударған. Спортшы жергілікті қалалық спорт мектебінде жаттығып бастаған. 2012 жылғы жазғы Олимпиадалық ойындарының күміс жүлдегері ұшақтан түсе сала қуанышымен, марапаттан алған сезімімен бөлісті.
СНХ: АННА НҰРМҰХАМБЕТОВА, ОЛИМПИАДА ОЙЫНДАРЫНЫҢ КҮМІС ЖҮЛДЕГЕРІ: Сонша уақыттан кейін күміс жүлдеге ие болдым. Сөзбен айтып жеткізе алар емеспін. Перуға жеткенше дейін көп уақыт кетті. Сол жерде ауыр атлетикадан чемпионат өтті. Барлығы жақсы ұйымдастырылған. Өте қуаныштымын. Енді марапатым өзімде. Медальді таққан кезде ерекше сезімде болдым.
РКС: Айта кетейік, отандасымыз 2012 жылғы Олимпиадада 69 келіге дейінгі салмақта жалпы есепте бесінші орын алған болатын. Алайда, 2016 жылы Беларусь спортшыларының допингтік сынамаларын қайта тексергеннен кейін қола жүлдегер Марина Шкерманкова мен төртінші орын иегері Дина Сазановец тыйым салынған препараттарды қолданғаны үшін ұсталды. Осылайша, Нұрмұхамбетоваға үшінші орын бұйырған. 2020 жылы Лондонда екінші тізімге енген румындық ауыр атлет Роксан Кокоштың сынамасында допингтің іздері табылды. Оның күмісі кері қайтарылды. Осылайша, Аннаға күміс жүлде бұйырды. Қазір ауыр атлетші спорттық мансабын аяқтап, шәкірт тәрбиелеуге үлес қосып жүр. Анна Нұрмұхамбетова «Бурабай» мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде әдіскер болып еңбек етуде.
МАҚПАЛ ЕРҒАЛИЕВА, ӘЛІШЕР ШАКУБАЕВ, БЕКЖАН ТӨЛЕБЕК, КӨКШЕ АҚПАРАТ