ДИКТОР: Дау-дамайды сотқа жеткізбей, бітімгершілік жолмен шешудің бірден-бір жолы – медиация. Бірақ, қарапайым тұрғындар олардың көмегіне жүгіне бермейді. Осы олқылықты реттеп, медиаторлардың абыройын жоғарылату мақсатында халықаралық келісімдер академиясының өкілдері аймақтарды аралап, жергілікті судьялармен кездесіп жүр. Бүгін олар облыстық сот өкілдерімен кездесті.

РКС: Медиация туралы Заң осыдан 13 жыл бұрын қабылданған. Дегенмен, тұрғындар арасында оның қызметіне жүгінбейтіндер, тіпті, медиатор мамандардың бар екендігін білмейтіндер аз емес. Ел аумағында медиация қызметін одан әрі дамыту үшін мәдениет және ақпарат министрлігі қаражат бөліп, грант тағайындаған. «Қазақстанда медиацияның дамуы» атты жобаны сәтті жүзеге асыру мақсатында халықаралық келісімдер академиясының мамандары облыстық судьялармен, медиаторлармен кездесіп, конференция өткізді.

СНХ: САБЫРЖАН ҚАЛМҰҒАМБЕТОВ, ХАЛЫҚАРАЛЫҚ КЕЛІСІМДЕР АКАДЕМИЯСЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ (АСТАНА): Осы кездесуде біз сот саласының қызметкерлеріне істердің кейбір санаттарына медиацияны міндетті етіп енгізуді ұсынғымыз келеді. Қазіргі кезде, әсіресе, некені бұзу процесі өте өзекті. Ақмола облысына келіп, әріптестерімізбен кездесіп жатырмыз. Ажырасу көрсеткішін мейлінше азайтып, екі жақты мәмілеге келтірудің тиімді жолдарын талқылайтын боламыз.

РКС: Медиацияның басты мақсаты – қос тарапты бірдей қанағаттандыратын және дауласушылық деңгейін төмендететін өзара тиімді әрі қолайлы келісімге келу. Сот өндірісінен айырмашылығы – онда кінәлілер мен кінәсіздер болмайды. Өйткені, медиация мүмкіндігіне қарай істі сотқа жеткізбеу мақсатын көздейді. Өкінішке қарай, бұл мамандық иелері елімізде әлі күнге тапшы. Облыстық сотта, небәрі, 2 кәсіби медиатор бар.

СНХ: АЙЖАН БАЙЖҰМАНОВА, ОБЛЫСТЫҚ КӘМЕЛЕТКЕ ТОЛМАҒАНДАРДЫҢ ІСТЕРІ ЖӨНІНДЕГІ МАМАНДАНДЫРЫЛҒАН АУДАНАРАЛЫҚ СОТЫНЫҢ СУДЬЯСЫ: Өткен жылы бізге келген барлық істердің 40 проценттен астамы медиаторларға жіберілді. Осы жылдың бірінші тоқсанындағы көрсеткіш сәл төмен. Өткен жылдың 1-қыркүйегінен бастап біздің сот базасында отбасылық соттар құрылды. Сондықтан, біз қарайтын істердің санаты мен саны өзгерді. Сәйкесінше, екі жақтың татуласу көрсеткіші де біршама жоғарылаған.

РКС: Отырысқа қатысушылар медацияның қоғамдағы рөлін одан әрі айқындап, медиаторлардың дәрежесін арттыру қажет дейді. Осы ретте орын алатын мәселелерді талқылап, шешу жолдарын қарастырды.

ФАРИЗА АСЫЛБЕКОВА, ӘЛІШЕР ШАКУБАЕВ, БЕКЖАН ТӨЛЕБЕК КӨКШЕ АҚПАРАТ