ДИКТОР: Осыдан 4 жыл бұрын Жанайдар Мусин атындағы Көкшетау жоғары қазақ педагогикалық колледжінде жаңадан «Логопедия» мамандығы ашылды. Биыл аталған мамандық бойынша оқу орнынан алғашқы студенттер түлеп ұшпақ. Қазір болашақ мамандар демонстрациялық жүйе форматындағы қорытынды аттестаттау емтихандарын тапсырып жатыр.

РКС: Аталмыш емтихан екі кезеңнен тұрды. Студенттерге берілген 2,5 сағат ішінде олар белгілі бір тақырыпқа сабақ жоспарын дайындап, логопедиялық жұмыс түрін әзірлеуі тиіс еді. Ал, соңғы кезеңде студенттер өзінің тапсырмаларын тәжірибе жүзінде көрсете алуы керек. Қазір «Логопедия» мамандығына 41 білім алушы оқып жатыр. Оның 13-і түлектер.

СНХ: АЯЖАН ХАМИДОЛЛА, Ж.МУСИН АТЫНДАҒЫ КӨКШЕТАУ ЖОҒАРЫ ҚАЗАҚ ПЕДАГОГИКАЛЫҚ КОЛЛЕДЖІНІҢ СТУДЕНТІ: Қазіргі экзамен барысында маған «Ж» дыбысын қою, машықтандыру тақырыбы келді. Сабақ барысын құрастырдым, дидактикалық материалдар, көрнекіліктер, артикуляциялық жаттығулар, зонт арқылы дыбыс қою соның барлығын жасап үлгеріп жатырмын.

РКС: Қазіргі таңда логопед мамандығы сұранысқа ие. Ол сөйлеу кемшілігі байқалған балалар мен ересектермен жұмыс істейді. Атқарылатын жұмыс нәтижесі ұзақ уақытты алады. Тіл кемістігін уақытында түзету өте маңызды. Сондықтан да логопедтің жауапкершілігі мол. Ал, емтихандарға бекітілген жаңа формат тәжірибе алмасу үшін қажет.

СНХ: ДАНАГҮЛ ІЛИЯС, Ж.МУСИН АТЫНДАҒЫ КӨКШЕТАУ ЖОҒАРЫ ҚАЗАҚ ПЕДАГОГИКАЛЫҚ КОЛЛЕДЖІ ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: Республикалық оқу әдістемелік бірлестігінің ұйымдастыруымен республикадағы педагогикалық колледждердің қатысуымен демонстрациялық емтиханның өту барысы тікелей онлайн жүйесінде көрсетіледі. Тәжірибе алмасу. Яғни, емтихан материалдарын апробациядан өткізу мәселесі жүзеге асырылып жатыр.

РКС: «Логопедия» мамандығы ашылған соң, колледжде ресурстық орталық құрылды. Ол материалдық-техникалық базамен жарақтандырылған. Қазіргі таңда Жанайдар Мусин атындағы Көкшетау жоғары қазақ педагогикалық колледжі Манаш Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетімен ынтымақтастық меморандумын жүзеге асыруда. Оның аясында колледждің «Логопедия» мамандығының 4 оқытушысы қайта даярлау бағдарламасынан өтті.

МАҚПАЛ ЕРҒАЛИЕВА, ПАВЕЛ СОЛОВЬЕВ, БЕКЖАН ТӨЛЕБЕК, КӨКШЕ АҚПАРАТ