ДИКТОР: Кітапхана мен кітапханашылардың дәрежесін арттырмасақ, мүлдем кітап оқымайтын ұрпақты тәрбиелеуге мәжбүр боламыз. «Kitap shakhary-2024» республикалық семинар қатысушылары осылай дейді. Көкшетауда ұйымдастырылған шараға ел колледждерінен 200-ден астам кітапханашы қатысты. Жиында кітапханалардың қазіргі жағдайы, қорды толықтыру мәселелері талқыланды.

РКС: Қазіргі таңда, облыс бойынша 20-дан астам колледж бар. Кейбіріндегі кітапханалар соңғы үлгідегі техникалармен жабдықталған, сөрелер көздің жауын алатын, іші де сырты да жоғары мазмұнды керемет туындыларға толы. Бірақ, өкініштісі сол, қазіргі жастарды кітапқұмар деп айту қиын. Бұлай жалғаса берсе, шамамен, 20 жылдан кейін мүлдем кітап бетін ашпайтын ұрпақ дүниеге келеді,-дейді Жанайдар Мусин атындағы Көкшетау жоғары қазақ педагогикалық колледжінің директоры Нұртас Ахат. Сондықтан, жастардың кітапқа деген қызығушылықтарын арттырып, кітапханашылардың статусын көтермелеу маңызды.

СНХ: НҰРТАС АХАТ, Ж. МУСИН АТЫНДАҒЫ КӨКШЕТАУ ЖОҒАРЫ ҚАЗАҚ ПЕДАГОГИКАЛЫҚ КОЛЛЕДЖІНІҢ ДИРЕКТОРЫ: Фантастика жанрының негізін қалаған Рей Бредбери деген мықты жазушы бар. Оның айтқан сөзі бар. Кітапты өртегеннен де ауыр қылмыс бар, ол оны оқымау дейді. Ғажап сөз. Жасанды интеллектінің біз барлығын бойымыздан өткіздік. Бірақ оның синтездеу нәтижесін бере алмай отырмыз. Ол кері әсер беруі мүмкін. Еуропа мына мықты дамыған Азия мемлекеттері қайта оралып оқуға оралды. Біз осымен айналысуымыз керек. Бірақ, кейде шынтағымызды тістейміз ғой. Егер де менің қолымда билік болса, ең мықты жалақыны кітапханашыларға берер едім.

РКС: Кітапханалардың қорын жаңарту мен толықтыру да өзекті. Бұл ретте, оқу ағарту министрлігінің алдында тұрған мақсат: 2027-жылға дейін колледж кітапханаларының қорын 30-50 процентке жаңарту. Республикалық семинарды Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігі мен республикалық ғылыми-педагогикалық кітапхана кәсіптік және техникалық білім беруді дамыту мақсатында ұйымдастырып отыр.

СНХ: ӘЛИЯ САЙДЕМБАЕВА, ҚР ОҚУ-АҒАРТУ МИНИСТРЛІГІ РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ҒЫЛЫМИ-ПЕДАГОГИКАЛЫҚ КІТАПХАНАСЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ: Негізгі мақсаты біздің оқырмандарымызға, оқушыларымызға, тәлімгерлерге фукнционалдық сауаттылық пен оқу мәдениетін қалыптастыру Президентіміздің Түркістанда өткен екінші Ұлттық құрылтайда берген тапсырмасын орындау және биылғы жылы Атырауда Сарайышықта өткен үшінші Ұлттық құрылтайда берген тапсырмаларын іске асыру, яғни, кітап оқуға баулу біздің оқырмандарымызды. Яғни, қазіргі жастар смартфоннан, гаджеттен арылып, дәстүрлі түрде кітап оқуға ниет бұру, оқу мәдениетін қалыптастыру.

РКС: Бұл мақсатқа жету үшін кітапхана ұжымдары әртүрлі айлықтар, акциялар, кітап фестивальдарын ұйымдастыруды дәстүрге айналдырған. Семинарда сөз сөйлегендер кітапханалардың қазіргі жағдайын, кітапхана жүйесіндегі өзекті мәселелерді талқылады. Шара соңында аталмыш саланың дамуына үлес қосып жүрген қызметкерлер Оқу-ағарту министрлігінің Алғыс хатымен марапатталды.

ФАРИЗА АСЫЛБЕКОВА, ӘЛІШЕР ШАКУБАЕВ, АЛМАС СӘДУАҚАСОВ КӨКШЕ АҚПАРАТ