ДИКТОР: Биыл облыс бойынша балық ресурстарын пайдалануға байланысты бақылау күшейді. Мамандар жүздеген заңсыздықтың жолын кесті, бір тонна заңсыз ауланған балық тәркіленіп, өзен-көлдерді пайдаланушылармен келісім-шарттар бұзылды.

РКС: Облыс аумағында балық шаруашылығының қорында 780 су айдыны бар. Жергілікті маңызы бар 633 өзен-көл 165 гектардан астам аумақты алып жатыр. Жыл басынан бері инспекция 350-ге жуық әкімшілік материал толтырып, 1 тоннадай заңсыз ауланған балық тәркіледі. Салынған айыппұлдың 80 проценті өндіріліп алынды. Инспекция қызметкерлері полцейлермен бірлесіп ұйымдастырған 120 рейд барысында браконьерліктің 42 фактісін анықтады.

СНХ: НҰРЛАН ТӨЛЕГЕН, ОБЛЫСТЫҚ БАЛЫҚ ИНСПЕКЦИЯСЫНЫҢ БӨЛІМ БАСШЫСЫ: Бұл көрсеткіштер инспекцияның заңсыз қызмет түрлерінің жолын кесуге және су биоресурстарын ұтымды пайдаланудың режимін қолдауға байланысты белсенді жұмыс істеп отырғанының дәлелі болса керек.

РКС: «Уылдырық шашу-2025» акциясы аясында сәуір мен маусым айында 193 заңсыздық анықталды. Заңға бағынбағандарға 4 миллион теңгеден астам айыппұл салынып, 50 келі балық пен 13 аулау құралы тәркіленді. Өзен-көлдерді пайдаланушылар 35 миллион дана жас балық жіберген. Келісім-шарттағы міндеттемелердің орындалуын бақылау басым бағыттың бірі болып қала бермек.

СНХ: НҰРЛАН ТӨЛЕГЕН, ОБЛЫСТЫҚ БАЛЫҚ ИНСПЕКЦИЯСЫНЫҢ БӨЛІМ БАСШЫСЫ: Өткен жылдың есептілік сараптамасының қорытындысы бойынша міндеттемелерді ішінара немесе уақытылы орындамаудың көптеген дерегі анықталды. Табиғатты пайдаланушыларға заңсыздықтарды жоюға 51 ұсыным берілді. Өткен жылдан бері балық шаруашылығын жүргізуге қатысты 97 келісім-шарт бұзылды. Мұндай шаралар су айдындарын пайдаланушылар арасында тәртіпті нығайтуға және табиғи ресурстарды мейлінше тиімді қолдануды қамтамасыз етуге бағытталған.

РКС: Рейдтерді күшейту, тұрақты бақылау және аталған шараны қолдау балық популяциясын сақтап қалуға, сонымен қатар су айдындарының өнімділігін арттыруға мүмкіндік береді,-дейді мамандар. Халық арасындағы профилактикаға, есептілікті цифрландыруға және мониторинг жүйесін одан әрі жетілдіруге ерекше басымдық беріледі.

ЕВГЕНИЙ ВАРАНКИН, ЗАРИНА САПАРҒАЛИЕВА, ПАВЕЛ СОЛОВЬЕВ, БЕКЖАН ТӨЛЕБЕК, КӨКШЕ АҚПАРАТ