ДИКТОР: Өңір студенттерінің жатақханалардағы тұрмыстық жағдайы қоғамдық ұйымдар мен бейінді ведомстволардың басты назарында. Жатақханаларда анықталған кемшіліктер бақылауға алынып, мәселе дер кезінде шешілуде. 2 апта ішінде «AMANAT» партиясы жаныдағы жастарды қолдау жөніндегі кеңес мүшелері аймақтағы бірнеше студенттік жатақхананы аралады. Олар жатақханалардың қазіргі жай-күйін бағалап, жағдайды жақсартуды қажет ететін бағыттарды атап өтті.

РКС: Кеңес мүшелері жоғары және орта оқу орындарындағы 9 жатақхананың тұрмыстық жағдайын тексерді. Оның барысында кемшіліктерді жоюға қатысты бірқатар ұсыныс айтылды.

СНХ: ДАНИИЛ СПИЛЬНЫЙ, «AMANAT» ПАРТИЯСЫ ОБЛЫСТЫҚ ФИЛИАЛЫ ЖАНЫНДАҒЫ ЖАСТАРДЫ ҚОЛДАУ КЕҢЕСІ ТӨРАҒАСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: Көкшетаудағы Абай Мырзахметов атындағы университеттің №1 жатақханасында жүргізілген тексеріс барысында бірнеше мәселеге назар аударылды. Жиһаздарды жаңартуды толық аяқтау, ер азаматтарға арналған жуыну бөлмесіндегі жағымсыз иісті жою, сондай-ақ, студенттерге тегін кір жуу қызметін ұйымдастыру. Қазір бұл қызметтің құны 500 теңге.

РКС: Білім басқармасының өкілдері анықталған барлық мәселе келіп түскен ретімен шешіліп жатқанын мәлімдеді. Жатақханаларда студенттердің қолайлы және қауіпсіз тұрмыс жағдайларын жақсартуға қатысты жүйелі жұмыс жүргізілуде.

СНХ: АЙГҮЛ МАҒАУИНА, ОБЛЫСТЫҚ БІЛІМ БАСҚАРМАСЫ ҚАМҚОРШЫЛЫҚ ЖӘНЕ ТӘРБИЕ ЖҰМЫСЫ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ: Шағалалы ауылындағы агротехнологиялық колледжінің жатақханасында күрделі жөндеудің ішкі жұмыстары аяқталды. Қазір сыртқы әрлеу жұмыстары жүргізілуде. Сондай-ақ, Щучинскідегі Орман шаруашылығы, экология және туризм жоғары колледжінің жатақханаларында, Аршалыдағы агротехникалық колледжде күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Қазір жүргізіліп жатқан жұмыстар студенттерге сапалы білім алуға мүмкіндік беретін қауіпсіз және заманауи тұрмыс жағдайын жасауға бағытталған.

РКС: Кеңес мүшелері 6 жыл қатарынан жатақханалардағы жағдайға қатысты мониторинг жүргізіп келеді. Әр барған сайын ұсынымдар толтырылып, облыстық білім басқармасына және сол оқу орнының басшылығына жіберіледі.

РИЗАГҮЛ ШӘМЕНОВА, ЭДУАРД ПОГРЕБИЦКИЙ, ВАСИЛИЙ ВЕРЕЖНИКОВ, АРДАҚ ТІЛЕУҒАБЫЛОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ