ДИКТОР: Облыс бойынша 2300-ден астам бос жұмыс орны бар. Яғни, еңбек нарығында осынша маман жетіспейді. Кадр тапшылығы білім беру, денсаулық сақтау, ауыл шаруашылығы, мемлекеттік қызмет салаларында байқалады.

РКС: Болашақ ұстаздарды даярлайтын оқу орындары облыс аумағында да, республика бойынша да аз емес. Бірақ, педагогтардың тапшылығы әлі күнге дейін өзекті. Облыс бойынша қазір 200-ден астам мұғалім жетіспейді. Мектеп бітірушілер болашақ мамандықты таңдаған кезде оның өзектілігіне, нарықтағы сұранысына мән береді екен.

СНХ: САЯЖАН САНСЫЗБАЙ, №1 МЕКТЕП-ГИМНАЗИЯСЫНЫҢ ОҚУШЫСЫ: Мен математика пәні мұғалімін таңдадым. Оны таңдау себебім көп оқушыларға осы пән қиын беріледі. Сондықтан, мен жеңіл түрде түсіндіре аламын деп ойлаймын.

СНХ: РОМАН АНИКЕЕВ, №1 МЕКТЕП-ГИМНАЗИЯСЫНЫҢ ОҚУШЫСЫ: Мен электроника, электронды инженерия мамандығын таңдадым. Өйткені, ол әлем бойынша сұранысқа ие және жалақысы да жоғары. Осы мамандықтың арқасында мен Қазақстанның дамуына үлес қосқым келеді. Бұл салаға оқуға түсу үшін физика, геометрия пәндерін жақсы білу керек.

РКС: Заман талабына сай белгілі бір қызметтерге сұраныс артса, кейбірі тіпті қоғамның қажетіне жарамай жатады. Бұл – қалыпты құбылыс,-дейді мамандар. Бұл жердегі мақсат: сұранысқа ие мамандықтарды көптеп оқытып, оларға бөлінетін грант мөлшерін арттыру. Кейбір оқушылардың болашақ мамандықты таңдаған кезде қиналатындары да жасырын емес. Ондай кезде педагог-кәсіби бағдар берушілердің көмегі зор. Сонымен қатар, мамандық таңдаған кезде нарықтағы сұранысты да бір шолып өту артық болмайды.

STAND-UP: ФАРИЗА АСЫЛБЕКОВА, ТІЛШІ: Егер мектеп бітіруші ҰБТ тапсырған кезде физика пәнін таңдайтын болса, оның инженер-құрылысшы мамандығын таңдауына әбден болады. Қазіргі таңда бұл мамандық мұғалімдермен және дәрігерлермен бір сатыда тұр және жоғары мәртебеге ие мамандықтардың бірі десек, артық айтпағанымыз. Дегенмен, облыс аумағында дәл осы мамандық иелері тапшы. Қазіргі таңда, Ақмола облысы бойынша құрылысшы, инженер-құрылысшылар жетіспейді.

РКС: Enbek.kz порталында жарияланған болжамға сәйкес, Ақмола облысында 2024-2030 жылдарға арналған жалдамалы жұмысшыларға сұраныс шамамен 84 мың адамды құрайды. Осы күні облыс бойынша 3 445 көлік жүргізушісі, 3 316 сатушы, 1 938 есепші, 1 846 орта мектептің әлеуметтік пән мұғалім жетіспейді. Сондай-ақ мектепке дейінгі білім беру мекемесінде 1600-ден астам педагог, 1,5 мыңға жуық мейірбике, 1200-дей бастауыш сынып мұғалімі, 882 сантехник пен 714 дәнекерлеуші қажет.

ИНФОГРАФИКА:

3 445 - көлік жүргізушісі

3 316 - сатушы

1 938 - есепші

1 846 - орта мектептің әлеуметтік пән мұғалімі

1 678 - мектепке дейінгі тәрбиедегі педагог

1 470 - мейірбике

1 186 - бастауыш сынып мұғалімі

882 - сантехник

714 - дәнекерлеуші

РКС: Мәдениет және спорт, мемлекеттік қызмет, төтенше жағдай, IT және телекоммуникация, менеджмент саласында да маман тапшылығы байқалады.

СНХ: АНАР МҰХАМЕТЖАНОВА, ОБЛЫСТЫҚ ЖҰМЫСПЕН ҚАМТУ ЖӘНЕ ӘЛЕУМЕТТІК БАҒДАРЛАМАЛАРДЫ ҮЙЛЕСТІРУ БАСҚАРМАСЫ ЕҢБЕК МОБИЛЬДІЛІГІ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ МАМАНЫ: Ақмола облысы бойынша бүгінгі күнге дейін1300 хабарландыруға 2308 бос жұмыс орны бар. Атап айтатын болсақ, білім және тәрбие беру – 223 мұғалім, өңдеу өнеркәсібі – 112, біліктілігі жоқ кәсіптер – 98, ауыл шаруашылығы – 85, қаржы және есеп – 77, көлік және логистика – 73, энергетика – 53, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы және абаттандыру – 44, құрылыс және сәулет – 36 адам қажет.

РКС: Маман тапшылығы мәселесін шешіп, азаматтардың екі қолға бір күрек табуларына септесу мақсатында облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының мамандары ай сайын бос жұмыс орындарының жәрмеңкесін ұйымдастырады. Басқарма жұмыс берушілермен де тығыз байланыс орнатқан. Нәтиже жаман емес. Жәрмеңкенің арқасында қалаған қызметіне орналасып, табысты еңбек етіп жүрген ақмолалықтар да бар.

ФАРИЗА АСЫЛБЕКОВА, ДАРХАН МҮЖІБАЕВ, МЕДЕТ ҚАЙЫРКЕНОВ, ЖАМБЫЛ БАЛТАЕВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ