ДИКТОР: Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында депутаттар спорттық бағыттағы жылқылардың қазақы тұқымын сақтау және өсімін молайту мәселелері туралы заңды қабылдады. Заң Парламент депутаттарының бастамасымен әзірленді.

РКС: Заңға бастамашы болған депутаттың бірі Айдарбек Қожаназаров жалпы отырыста баяндама жасап, басты мақсат – мемлекеттік қолдау көрсету арқылы отандық спорт бағытындағы жылқы тұқымын қалпына келтіру және асыл тұқымдық қасиеттерін жақсарту екенін айтты.

СНХ: АЙДАРБЕК ҚОЖАНАЗАРОВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІ АГРАРЛЫҚ МӘСЕЛЕЛЕР КОМИТЕТІНІҢ МҮШЕСІ: Қостанай тұқымы 70 жылға созылған ғылыми зерттеудің нәтижесінде шығарылған, мамандандырылған спорттық бағыттағы және ұлттық ат спорты түрлерін дамыту үшін кеңінен қолданылатын қазақтың шабандоз тұқымы, халықтың ұлттық қазынасы. 1969 жылы елімізде 44 мыңнан астам Қостанай жылқы тұқымы тіркелген, яғни барлық асыл тұқымды жылқылардың жалпы санының 9,7 % құраған. Алайда бүгінде Қостанай жылқы тұқымының ресми тіркелген саны 270 бастан аспайды, ал Адай жылқы тұқымының 1300 басы тіркелген.

РКС: Спорттық мақсатта пайдаланылатын отандық жылқы тұқымдарын сақтау мен көбейту бойынша құжат қабылданбаса, бабалар мен ғалымдардың көпжылғы еңбегі далаға кетудің аз-ақ алдында тұр.

СНХ: БЕРІК ӘМІРОВ, ЖЫЛҚЫ БАПКЕРІ: Қостанай жылқысын көбейтіп, қолдап көбейту керек әлі де болса да. Бұрынғы кезде көп еді жылқылар. Қазіргі кезде азғантай-ақ бас қалды өзі. Сол Үкіметтен қолдау болса, осы Қостанай пародасын көбейтсе, нұр үстіне нұр болар еді. Қостанай пародасы деген ол өте жақсы, керемет парода.Бәйгеге де келе береді, көкпарға да келе береді.

РКС: Сонымен қатар «Асыл тұқымды мал шаруашылығы туралы» және «Селекциялық жетістіктерді қорғау туралы» заңдарға да түзетулер енгізіледі. Депутат Айдарбек Қожаназаровтың атап өткеніндей, заңнамалық түзетулерде қостанайлық жылқы тұқымын сақтауға және өсімін молайтуға бағытталған іс-шараларды субсидиялау көзделген. Аталған қолдау тетіктері, отандық спорттық бағыттағы жылқы тұқымдарын дамытуға жағдай жасап, бәйге, көкпар, аударыспақ, жамбы ату, теңге алу сынды ұлттық ат спорты түрлерін бұқаралық дамытуға ықпалын тигізуі тиіс.

ФАРИЗА АСЫЛБЕКОВА, БЕКЖАН ТӨЛЕБЕК КӨКШЕ АҚПАРАТ