ДИКТОР: Көкшетаудағы Зарап Темірбеков 2 а көшесінде орналасқан көп пәтерлі үйдің тұрғындары бірнеше жыл бойы шешімін таппай келген мәселеден әбден ығыр болды. 2020 жылдың қарашасында бұл үй қалай болса солай тапсырыла салған. Маңайы абаттандырылмаған, аулаға жарық тартылмаған. Төрт жыл ғана болған үйдің кіре берісіндегі қаптамалар қопарылып түсіп жатыр. Кәріз жүйесіне қатысты да сауал сан алуан. Үйдің айналасы шалшыққа толы. Амалы таусылған тұрғындар біздің редакциямызға шағымданып келді. Мәселенің мән-жайын тілші баяндайды.

РКС: Кей тұрғындардың жаңа баспанаға қол жеткізгендегі қуанышы ұзаққа созылған жоқ. Үйдің маңайы күні бүгінге дейін толық абаттандырылып біткен жоқ. Тұрғындар қоқысты қайда апарарын білмей дал болады. Өйткені, қоқыс жәшігіне жетудің өзі бір қиямет. Ал трансформатор дүңгіршегі ауланың қақ ортасында тұр. Оны басқа жерге көшіру туралы жауапты қызмет өкілдеріне тұрғындар бірнеше мәрте өтініш айтқанымен, ол аяқсыз қалды. Күні бүгінге дейін мәселе шешілген жоқ.

СНХ: НАЗЫМ ТӘБӘРӘК, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ: Үй жаңа болғанымен, маңайы адам шошырлық. 20 жыл қолданыста болған үйдің сиқына ұқсайды. Сыртқы қаптамасы түсіп жатыр, ауламыз да жоқ. Құрылыс краны салбырап тұр. Балаларымыздың қауіпсіздігіне алаңдаймыз. Аула мен оған жапсарлас аумақ заман талабына сай абаттандыру шарттарына сәйкес емес. Үйіміз әлі күнге тапсырылмаған. Жертөлеміз суға толып тұр.

РКС: Үйдің ауласынан көшеге шығудың өзі мұң. Жуырда кәріз-сорғы станциясының апаты салдарынан кәріз құдығы суға толып кеткен. Одан шыққан лай су тура Қопа көліне ағып жатыр. Үйлердің ауласы шағын көлшікке айналған. Маңайды жайлаған лай судың иісі қолқаны қабады. Адам денсаулығына да кері әсерін тигізетіні сөзсіз,-дейді тұрғындар. Кәріз жүйесінен үздіксіз аққан судың салдарынан электр бағанасы да құлаудың алдында тұрған еді. Әйтеуір, тұрғындардың шағымы ескеріліп, бағана алынып тасталды. Көліктер амалын тауып өтіп жатады. Жаяу жүргіншілердің жағдайы қиын. Әсіресе жауын-шашын кезінде бұл жолмен жүру мүмкін емес. Бұл үйде балабақша, мектеп жасындағы балалар өте көп. Сондықтан кәріз жүйесінен аққан су жиналып, жүруге мүмкіндігі бермей отыр.

СНХ: БЕРІК БЕКМАҒАМБЕТОВ, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ: Кәріз мәселесін шешу керек. аулаға жиналады. Жуырда ғана тұрғындар өз қаражатымызға құм төсеген едік. Одан да пайда болмай тұр. Су шайып кетті.

РКС: Мердігер ұйымның өкілдері көпқабатты үй жобаға сәйкес тапсырылды деп отыр. Ал нысанға ұдайы қызмет көрсету меншік иелері бірлестігінің міндеті. Ал Әбілқасымов көшесінің жолы қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы және автомобиль жолдары бөлімінің қарауында.

СНХ: ӘДІЛЕТ РАҚЫМЖАНОВ, ҚАЛАЛЫҚ ТҰРҒЫН ҮЙ-КОММУНАЛДЫҚ ШАРУАШЫЛЫҒЫ, АВТОМОБИЛЬ ЖОЛДАРЫ ЖӘНЕ ТҰРҒЫН ҮЙ ИНСПЕКЦИЯСЫ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ: Бұл көшеге келсек, бірнеше рет қиыршық тас төселді. Бұдан бөлек, қазір осы маңда үйә салып жатқан мердігер ұйым да қосымша осы жұмыстарды атқарды. Қазір судың кеткенін күтіп отырмыз. Одан соң тағы да жолға қиыршық тас төсейміз.

РКС: Қалалық құрылыс бөлімі Темірбеков пен Гагарин көшелерінің қиылысы ең қиын бөлік екенін айтып отыр. Жоба 2019 жылдан бастап іске қосылған. Мердігер ұйым Гагарин көшесінің бойында қосымша кәріз құбырының құрылысымен айналысып жатыр. Бұл ескірген инженерлік желілердің жүктемесін біршама жетңілдетпек. Содан соң жаяу жүргіншілер жолы, арықтар қалыпқа келтіріледі. Бұл жұмыстардың барлығын мердігерлер осы айдың соңына дейін аяқтауы тиіс.

РИЗАГҮЛ ШӘМЕНОВА, ЭЛЬМИРА ОСПАНОВА, ӘЛІШЕР ШАКУБАЕВ, МЕДЕТ ҚАЙЫРКЕНОВ, ЖАМБЫЛ БАЛТАЕВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ.