ДИКТОР: Халықаралық медбикелер күні мерекесіне санаулы күндер қалды. Адам өмірін өлімнен арашалап, ізгілікті мамандықтың қызметкерлері халық үшін аянбай тер төгуде. Ақхалаттылар үнемі жұмысында мейірімділік пен кәсіби шеберлік, шыдамдылық пен ептілік танытып жүр.

РКС: Көкшетау қалалықкөпбейінді аурухананың медбикелері көп жылдардан бері бел жазбай еңбек етіп келеді. Анестезиология, жан сақтау және интенсивті терапия бөлімшесінің бригадасы жүрегі тоқтап қалған науқастарға шұғыл шокқа қарсы көмек көрсетеді. Бригада ішінде бұл «Көк код» деп аталады. Дереу шалынған қоңыраудан кейін, анестезиологтарда науқастың өмірін аман алып қалу үшін санаулы минуттар мен секундттар ғана бар. Надежда Багрейчук өз ісінің майталманы. Медбикенің айтуынша, қызметтік жолда шыдамдылық пен аса мейірбандылық қажет.

СНХ:НАДЕЖДА БАГРЕЙЧУК, КӨКШЕТАУ ҚАЛАЛЫҚ КӨПБЕЙІНДІ АУРУХАНАСЫНЫҢ АНЕСТЕЗИОЛОГИЯ, ЖАН САҚТАУ ЖӘНЕ ИНТЕНСИВТІ ТЕРАПИЯ БӨЛІМШЕСІНІҢ АҒА МЕДБИКЕСІ: Реанимация бөлімінде жұмыс оңай емес. Ол психоэмоционалдылықпен және физикалық белсенділікпен байланысты. Бөлімшедегі науқастар әртүрлі патологиялармен келіп түседі. Олардың барлығын денсаулығының ауыр жағдайлары біріктіреді. Науқаста цереброваскулярлы жедел бұзылыс, нейрохирургиялық патология, хирургиялық, тамырлы патология болуы мүмкін. Барлық науқастар өте ауыр жағдаймен келеді. Біздің міндетіміз - оларды ауруларынан айықтыру. Құрметті әріптестер, барлықтарыңызды кәсіби мерекелеріңізбен құттықтаймын. Жұмыстарыңызда табыс, жақсылық тілеймін.

РКС:Реанимация бөлімшесі арқылы жылына 700-ден астам пациент өтеді. 2000-нан астам түрлі анестезиялар жүргізіледі.Анестезиология, жан сақтау және интенсивті терапия бөлімшесінде 30-ға жуық медбикелер мен мейірағалар қызмет етеді. Оларға отаға қатысып, хирургқа көмектеседі. Олардың міндеті ота сәтті аяқталған соң, науқасқа аса күтіммен қарау. Дәрі-дәрмектерін уақытылы беріп, аяғына нық тұруына жәрдемдесу.

СНХ:ГҮЛНӘР ӘБДІРАХМАНОВА, КӨКШЕТАУ ҚАЛАЛЫҚ КӨПБЕЙІНДІ АУРУХАНАСЫНЫҢ АНЕСТЕЗИОЛОГИЯ, ЖАН САҚТАУ ЖӘНЕ ИНТЕНСИВТІ ТЕРАПИЯ БӨЛІМШЕСІНІҢ АҒА МЕДБИКЕСІ: Мен осы бөлімде 1986 жылдан бастап жұмыс істеймін. Жас қызметкер болып келдім. Ол кезде жасым 18-де. Басында қиын болғаны рас. Қазір жастармен өзімнің тәжірибеммен бөлісіп келемін. Жас мамандарды үйретемін. Бұл ең қиын бөлімше. Әрбір науқастың денсаулығы оларға байланысты. Олар науқасқа қалай қарайды, қандай күтім жасайды. Олар ауыр жағдаймен түскен науқасқа ең жақын адамындай қарай алуы керек. Барлықтарыңызға денсаулық, сабырлық тілеймін. Мейірбикелерді қадірлеңіздер, сыйлаңыздар.

РКС: Жүгі ауыр салада қалтқысыз қызмет етіп, мейірімділік пен жылылықтың символына айналып, игі қызмет жасап жүрген медбике ісі қашанда құрметке лайық. Әрбір жанға медициналық көмек көрсетуде дәрігермен қатар, медбикенің атқарар рөлі зор.

МАҚПАЛ ЕРҒАЛИЕВА, ЖҮРСІН ӨМІРЗАҚ, БЕКЖАН ТӨЛЕБЕК, КӨКШЕ АҚПАРАТ