ДИКТОР: Ақмола облысының Бұланды ауданында көктемгі су тасқынының кесірінен қырылып қалған мал мен құс барлық ветеринариялық талаптарға сай өртелді. Естеріңізге салсақ, қарғын судың салдарынан аталмыш ауданға қарасты Журавлевка, Капитоновка және Иванковка ауылдарының тұрғындары мал шығынына ұшыраған еді. Жалпы өлген мал мен құстардың саны 500-ден асады. Оның ішінде 18 бас қара мал, 39 бас қой, 96 шошқа, 23 қоян және 358 бас ит пен құс. Ауыл аймақтарды өлекселерден тазарту жұмыстарына жергілікті әкімдік пен ветеринария бөлімінің мамандары жауапты. Осы күндері олар өлекселерді ауыл сыртына шығарып, өртеп жіберген. Одан тұрғындарға келер қауіп жоқ,-дейді облыстық ветеринария басқармасының өкілдері.

СНХ: АҒЫБАЙ СЫЗДЫҚОВ, ОБЛЫСТЫҚ ВЕТЕРИНАРИЯ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ МІНДЕТІН АТҚАРУШЫ Бүкіл ветеринариялық жұмыстар өткізілді. Аурудың, инфекцияның таралуына ешқандай жол берілген жоқ. Малдың шығыны қазір қарастырылып жатыр. Оны сол Бұланды ауданының негізгі жергілікті атқарушы органдары атқарып жатыр. қазіргі күні қарайды, шығынын бәрін есептейді. Біздің ақпарат бойынша малдың шығынын сол ауылдарда орналасқан хоз субъектілар өздері өтеп береміз деп отыр.