ДИКТОР: Бүгінгі таңда адамдарда есту қабілетінің бұзылуы өзекті мәселеге айналды. Туа біткен немесе жүре пайда болған дерттің саны артып келеді. Себеп – нашар экология мен қаладағы шу.

РКС: Есту қабілетінің бұзылуы —дыбыстарды тану қабілетінің нашарлауымен сипатталады. Бұл дертті алдын-алу маңызды. Сәл ыңғайсыздық туған жағдайдың өзінде маманға жүгініп, тексерілген жөн.

СНХ: РАЙЫМБЕК МӘКЕН, ОБЛЫСТЫҚ БАЛАЛАР АУРУХАНАСЫНЫҢ ЛОР-ДӘРІГЕРІ: Алдымен, отоларинголог дәрігеріне жүгіну керек. Маман арнайы тексеру жұмыстарын өткізеді. Оның барысында жұқпалы немесе өткір аурулардың бар-жоғы анықталады. Сондай-ақ, тар көлемді маманға жіберіледі. Яғни, есту мен сөйлеу қабілетін зерттейтін сурдолог маманына. Ол дәрігер қосымша тексерістер жүргізеді. Анализдерді тағайындайды. Қажет болған жағдайда, есту қабілетін қалпына келтіру мен есту аппараттарына рецепт тағайындайды.

РКС: Егер есту аппараттарының пайдасы болмаса, пациантке кохлеарлық имплантация отасын жасау қажет. Айта кетейік, есту қабілеті бұзылған қазақстандықтарға бұл операция міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру аясында тегін жүргізіледі.

СНХ: РАХАТ БАКЕТОВ, ОБЛЫСТЫҚ ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ ШТАТТАН ТЫС БАС МАМАНЫ: Кохлеарлық имплантация бойынша арнайы бағдарламалар бар. Операция Астана қаласының клиникаларында жүргізіледі. Ересектерге де, балаларға да. Қазақстан азаматтары үшін аппараттар тегін. Денсаулық сақтау министрлігі есебінен сатып алынады. Қажет болған жағдайда пациенттерге имплантацияланады. Дәрігерлердің емдеу диагностикалық хаттамасына сәйкес, ота 4-ші дәрежелі есту қабілетінің жоғалуы бар науқастарға жасалады.

РКС: Мамандар құлақты бөгде заттармен тазаламауға кеңес береді. Мәселен, мақта таяқшалары мен сіріңкелер сынды заттар. Бұл құлақ қалқанының жарақаттануына әкелуі мүмкін. Құлаққаптарды қолдануға тыйым жоқ, десе де күніне екі сағаттан артық тағуға болмайды.

САМАЛ ЫСҚАҚОВА, ЭДУАРД ПОГРЕБИЦКИЙ, ӘЛІШЕР ШАКУБАЕВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ