ДИКТОР: Жақсы ауданының тұрғындары, жергілікті атқарушы билік өкілдері, серіктестік, шаруа қожалықтарының қызметкерлері бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, топан суға төтеп беруде. Олар Қима ауылының шетіндегі дамбаны нығайту жұмыстарын жүргізіп жатыр. Ал, көлік қатынасын қалыпқа келтіру үшін ауданға паром өткелі жеткізілді.
РКС: Есіл өзенінің арнасынан асуы салдарынан Жаңа Қима селолық округіндегі аудандық маңызға ие Қима-Терісақан тас жолында орналасқан көпірдің бір бөлігі опырылып қалған болатын. Сәйкесінше, автокөліктердің жүруіне шектеу қойылды. Салдарынан сол маңда орналасқан Терісақан, Қазақстан, Жаңа Қима, Жирен, Кеңарал, Трудовое ауылдарына қатынау қиынға соғып тұр. Мәселені шешу мақсатында облыс әкімі Марат Ахметжановтың өтініші бойынша Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрі Руслан Жақсылықов паром өткелін орнату туралы шешім қабылдаған болатын.
СНХ: ЕРДОС ДӘУРЕНҚҰЛОВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ ҚОРҒАНЫС МИНИСТРЛІГІ 58012 ӘСКЕРИ БӨЛІМ БАТАЛЬОНЫНЫҢ КОМАНДИРІ: 2024 жылдың 13-сәуірі күні Жақсы ауданының Қима ауылының көпірін су алуларына байланысты ауыл әкімінің сұранысы бойынша 2024 жылдың 14 сәуір күні Қорғаныс министрінен паддонды көпірлерді тасымалдау топтары келді. Қазіргі таңда барлау жұмыстары ұйымдастырылып жатыр.
РКС: Бұл жұмыстар аяқталғаннан кейін көктемгі дала жұмыстарына арналған ауыл шаруашылығы техникасы басқа жағалауға жіберіледі. Ал, Қима ауылындағы үйлерге су кіргізбеу мақсатында ауыл маңында орналасқан дамбаны нығайту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Оған ауылдықтар бір адамдай бірігіп, атсалысуда. Жергілікті кәсіпкерлер техника мен қажетті мөлшерде жанар-жағармай бөлген.
СНХ: АЛМАГҮЛ ҚАДЫРАЛИНА, ЖАҚСЫ АУДАНЫНЫҢ ӘКІМІ: Көмекке «Жаңажол», «Золотая нива», «Қимаагро» серіктестіктері, «Дулат», «Серп», «Тарақты» шаруа қожалықтары келді. Барлығымыз бір отбасының адамдарындай бірігіп, ауыл үйлерін қызыл судан аман алып қалу шараларын қолға алдық. Тұрғындар да қалыс қалмай жұмыс істеп жатқандарға ыстық тамақ әкеліп беруде. Жергілікті такси жүргізушілері болса, дамба мен ауыл арасында адамдарды тегін тасымалдап жүр. Осындай қиын кезеңде бір-біріне қол ұшын созып жатқан барлық аудандықтарға зор алғыс білдіремін.
РКС: Жалпы, аудан бойынша 12 эвакуациялық пункт бар. Ол жерлерге бүгінгі күнге дейін 60-тан астам адам орналастырылған болатын. Бірақ, барлығы өз үйлеріне оралды. Пункттер бос тұр. Қазіргі таңда, ауданды су басу қаупі жоқ,-дейді әкімдіктегілер.
ФАРИЗА АСЫЛБЕКОВА, БЕКЖАН ТӨЛЕБЕК КӨКШЕ АҚПАРАТ