ДИКТОР: Талайды сарсаңға салып, қасірет шектірген саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау мемлекеттік мәселе. Репрессия құрбандарының кешкен тайғақ жолын мейлінше зерттеп, зерделеу облысымызда басты мақсаттардың біріне айналды. Осылайша, Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінде ғылым айлығы аясында «ХХ ғасырдың 20-50 жылдарындағы Ақмола облысындағы саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау» жобасы шеңберінде 3 томдық кітаптың таныстырылымы өтті.

РКС: 2021 жылы облыстағы саяси қуғын-сүргінге ұшырағандарды толық ақтаумен айналысатын өңірлік комиссия құрылды. 7 жұмыс тобы іске кірісті. Зерттеуге 3 жыл уақыт кеткен. 3 томдық кітапта саяси қуғын-сүргінге ұшырағандардың тағдыры, қилы кезеңдері, сол замандағы өмір ағысы, тың деректер мен ақпараттар қамтылған.

СНХ: АЛМАГҮЛ КҮШПАЕВА, ӨҢІРЛІК КОМИССИЯ МҮШЕСІ: 2020 жылы ел Президентінің саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссияны құру туралы Жарлығы шықты. Оған сәйкес Қазақстанның барлық облыстарында және Ақмола облысында біздің университет базасында өңірлік Жобалық кеңсе құрылды. Әр жұмыс тобы депортация мәселесімен, депортацияланғандардың өмірін сараласа, басқа топ зорлық-зомбылық мәселесін зерттеді. Тағы да басқа топ діни адамдардың тағдырларын қарап, зерделеді.

РКС: 1927-1953 жылдары Қазақстан бойынша 100 мыңға жуық қазақстандық қуғын-сүргінге ұшыраған. Олардың 25 мыңы атылды. Репрессия басталған алғашқы жылдардан бастап Қазақстанда 1 мыңға жуық лагерь мен қоныс мекені тұрғызылған. ГУЛаг-тың 20-дан астам лагері де Қазақстан аумағында орналасқан.

СНХ: ЕСБОЛАТ ДҮЙСЕНБАЕВ, ГУМАНИТАРЛЫҚ ТЕХНИКАЛЫҚ АКАДЕМИЯСЫНЫҢ АҒА ОҚЫТУШЫСЫ: Бүгінгі іс-шара үлкен жақсы істерге бастайды. Мұндағы қамтылған құжаттар ақиқатты, шындықты баяндайды. Халық арасынан шыққан Алаштың арыс азаматтары жайлы баяндайды. Бұл жастарға үлгі, өнеге. Жастар елін жақсы көруі үшін, өткенін жақсы білуі керек. Бұл біздің ұлттық идеялогиямыздың негізгі өзегі. Алаш тарихы. Алаш идеясы. Сондықтан да осымен құнды.

РКС: Ұлты, тілі, дініне қарамастан мыңдаған адам жазықсыздан жазықсыз тоталитарлық жүйенің құрбаны болды. Өзгеше ойлағаны үшін сотталып, туған жерлерінен аяусыз айдалды.

СНХ: ӨТКІР ШЕРДАЛЫ, Ш. УӘЛИХАНОВ АТЫНДАҒЫ КӨКШЕТАУ УНИВЕРСИТЕТІНІҢ СТУДЕНТІ: Бұл іс-шараның маңыздылығы жастарға арналуында. Өйткені, қазіргі жастар ел ауызынды айтылып жүрген Ахмет Байтұрсынұлы, Сәкен Сейфуллин, Бейімбет Майлин сынды қазақтың зиялыларын ғана біледі. Бұл жерде олардан да бөлек еңбегі орасан адамдардың есімдері аталады. Олар да өз еңбектерін сіңіріп кетті. Оларды білу біздің қазақтың жастарына білу маңызды деп ойлаймын. Өз ұлтының зиялыларын, өз ұлтының батырларын ұрпақ үшін жасаған еңбектерін білу маңызды.

РКС: Қаншама зобалаң жылды бастан кешкен құрбандардың әрқайсысының зары мен мұңы, жүріп өткен тар жолы бүгінгі ұрпақтың жадында мәңгіге сақталуы тиіс.

МАҚПАЛ ЕРҒАЛИЕВА, МЕДЕТ ҚАЙЫРКЕНОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ