ДИКТОР: 18-сәуір – Халықаралық ескерткіштер мен тарихи орындар күні. Бұл күннің тәуелсіз ел тарихында алар орны ерекше. Облыс төңірегінде де осы күнге орай түрлі іс-шаралар өткізу дәстүрге айналған. Ондағы басты мақсат: тарихи ескерткіштерді сақтау мәселесіне қоғамның назарын аудару.

РКС: Халықаралық ескерткіштер мен тарихи орындарды қорғау күнін 1983 жылы ЮНЕСКО жанынан құрылған Халықаралық ескерткіштер мен көрікті орындарды қорғау мәселелері жөніндегі Кеңес ассамблеясы арнайы бекіткен. Қазақ даласында әлемді таңғалдыратын небір тарихи орындар мен ескерткіштер бар екені белгілі. Ақмола облысы да тарихи орындар мен ескерткіштерге кенде емес. Ал, оларды оларды есепке алу, қорғау, қалпына келтіру мен насихаттауды облыстық тарихи-мәдени мұраны қорғау және пайдалану орталығы қамтамасыз етеді.

СНХ: ЖАСҰЛАН ҮКЕЕВ, ОБЛЫСТЫҚ ТАРИХИ-МӘДЕНИ МҰРАНЫ ҚОРҒАУ ЖӘНЕ ПАЙДАЛАНУ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ: Және биыл Ақкөл ауданында Сағадат Нұрмағамбетовке ескерткіш орнатылмақшы. Тайтөбеде Рақымжан Қошқарбаевтың туған жеріне ескерткіш орнатылмақшы. Біздің орталық тек қана ескертіштермен айналыспайды ғой, ғылыммен де айналысады ғой. Археологиялық ескерткіштеріміз бар. Оларды жылда қорғау, құтқару, зерттеу жұмыстарын жүргіземіз. Дәстүрлі археологиямен ғана байланыспай оның жаңа дамыған жолдарын көру. Ескерткіштерімізді қорғау насихаттау мақсатында түрлі роликтер әлеуметтік желілерде таратылуда.

РКС: Осы күні облыс аумағында 1734 ескерткіш пен тарих және мәдениет нысандары бар, оның ішінде 5 республикалық маңызы бар, 1034 жергілікті маңызы бар, 695 алдын ала есепте тұрған ескерткіш бар. Ақмола облысы бойынша 17 ескі ғимарат, Көкшетауда 45 ескерткіш бар. Сонымен қатар, өлкемізде 47 киелі нысан бар. Облыс орталығындағы ескерткіштердің бірі Шоқан Уәлихановқа арналған. Оның биіктігі 10 метрге жуық және республикалық маңызға ие.

СНХ: ГҮЛІМ РАҚЫМЖАНОВА, ОБЛЫСТЫҚ ТАРИХИ-МӘДЕНИ МҰРАНЫ ҚОРҒАУ ЖӘНЕ ПАЙДАЛАНУ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ БАС ИНСПЕКТОРЫ: Республикалық маңызы бар ескерткіш болып саналғандықтан, осы Халықаралық ескерткіштер мен тарихи орындар күні қарсаңында біз осы ескерткіш маңайында жылда экологиялық акция жасаймыз. Оған өлкеміздің белгілі азаматтары, Шоқан Уәлиханов университетінің ғалымдары, көптеген жастар қатысады. Осы ескерткіштің жанында ғана емес, жалпы облыс бойынша жыл сайын акция жасалып тұрады.

РКС: Қазіргі қоғам алдында тұрған басты міндеттердің бірі –Ұлы дала халқының ұлттық құндылықтарын сақтау және болашақ ұрпаққа аманат ету.

ФАРИЗА АСЫЛБЕКОВА, МЕДЕТ ҚАЙЫРКЕНОВ, АЛМАС СӘДУАҚАСОВ КӨКШЕ АҚПАРАТ