ДИКТОР: 50 жылға жуық бокс бапкері әрі балалар спорт мектебінің директоры лауазымын атқарған Қазақстанға еңбегі сіңген спорт қызметкері Юрий Дергунов 70 жасқа толды. Ол әлі де спорттан қол үзген жоқ. Ақмола облыстық бокс федерациясының атқарушы директоры.

РКС: Көкшетаудағы Қажымұқан спорт кешенінің бокс залына былғары қолғапты енді ғана киген өрендер, бокс бапкерлері көптеп жиналды. Өзінің саналы ғұмырын бапкерлікке арнаған Юрий Дергунов кешегі Көкшетау және бүгінгі Ақмола облысының қаншама жасөспірімдеріне қанат бітірді. Оның осынау ерен еңбегі жайлы жас ұрпаққа облыстық дене тәрбиесі және спорт басқармасы бастығының міндетін атқарушы Ардақ Төлендин айтып берді. Одан соң спорт ардагеріне облыс әкімінің атынан Алғыс хат тапсырды.

ИНТЕРШУМ: МАРАПАТТАУ СӘТІ

РКС: Юрий Дергуновтың шәкірттерінің алды қырықтың қырқасына жеткен азаматтар. Олар әр салада жемісті еңбек етіп жүр. Бапкердің мерейтойы алдында кешегі әріптестері мен шәкірттері де алғыстарын айтты.

СНХ: АНАТОЛИЙ ПЕРМЯКОВ, ҚР ЕҢБЕК СІҢІРГЕН ЖАТТЫҚТЫРУШЫСЫ: Біз Юрий Дергуновпен 50жылға жуық қоян-қолтық еңбек еттік. Қаншама шәкіртті республикалық жарыстарға дайындап шығардық. Ол өз ісінің мықты маманы және шәкірттерін жүрек түкпірімен сезіне біледі. Әлі де бокс төңірегінен алысқа кеткен жоқ. Ақмола облыстық бокс федерациясының атқарушы директор қызметін жемісті атқарып жүр. Мен оған мықты денсаулық тілеймін.

СНХ: ҚАЙЫРЖАН ҚҰЛШЫҚОВ, СПОРТ ШЕБЕРІ: Қызылтаң ауылында Серік ағайдың қарамағында бокс әліппесін үйрендім. Көкшетауға оқуға түстім. Содан бастап Юрий Дергуновтың қарамағында жаттығуымды жалғастырдым. Ол өз ісін терең меңгерген шәкірттерімен жүйелі жұмыс жасайтын бапкер. Спорт шебері атағын сол кісінің еңбегінің арқасында алған шындық. Міне, бапкерімнің 70 жылдық тойына арнайы келіп отырмын.

РКС: Ақмола облыстық бокс федерациясының атқарушы директоры Қазақстан Республикасының құрметті спорт қызметкері Юрий Дергунов өзінің бай да мол тәжірибесін жас бапкерлерге үйретуден әсте жалыққан емес.

ҚАЛЫМБЕК МҰХАМЕДЖАНОВ, ӘЛІШЕР ШАКУБАЕВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ