ДИКТОР: Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жұрттың көкейіндегі көп мәселенің шешу жолдарын айқын көрсетті. Соның бірі – ұлттық бірегейлікті сақтап, қазақылықты жоғалтпау.

РКС: Ұлттық бірегейлік дегеніміз - ұлттық код, салт-дәстүр, қазаққа ғана тән асыл қасиет, қанмен берілетін ұлтқа деген адалдық. Жергілікті зиялы қауым өкілдерінің пікірінше, Ұлттық бірегейлікті сақтап қалу мәселесін Ел Президенті өте орынды көтеріп отыр. Бұл ел болашағы үшін аса маңызды шешім.

СНХ: СӘБИТ ЖӘМБЕК, ФИЛОЛОГИЯ ҒЫЛЫМДАРЫНЫҢ КАНДИДАТЫ: Ұлтымызға қатысты кенеулі, түйінді мәселелер айтылды. Ұлтты ұйыстырудың бір жолы, ұлттың бірегейлігі. Қазақ халқының өзінің дәстүрлі болмысына сай, заманауи үрдістерге сай бір болмысын табу керек. Елімізде бүйректен сирақ шығарып жүрген секталар, топтар, ділімізге, менталитетімізге келмейтін үрдістерді, киім-киіс болсын осылардың барлығы айтылды. Бұл өте үлкен ойға алатын мәселелер. Түрлі діни ағымдар, бағыттар бар. Хәнифа мәзһабы деп отыр Президентіміз. Сол үшін дәстүрлі ислам жолында жүруіміз керек.

РКС: Ұлттық бірегейлік әрбір ұлттың басқалардан айырмашылығын айқындайтын ерекше қасиеті, ішкі және сыртқы көрінісі. Байырғы заманнан келе жатқан ұлттық құндылықтарды сақтап қалу бүгінгі ұрпақтың еншісіндегі дүние.

СНХ: НҰРТАС АХАТ, Ж.МУСИН АТЫНДАҒЫ КӨКШЕТАУ ЖОҒАРЫ ҚАЗАҚ ПЕДАГОГИКАЛЫҚ КОЛЛЕДЖІНІҢ ДИРЕКТОРЫ: Ұлттық бірегейлік әлем футурологтары қозғап жүрген тақырып. Әр мемлекетті жасаушы ұлт бірегейлік жайлы айта бастады. Президенттің бұл айтуында үлкен мақсат жатыр. Қазақстан Республикасының негізін қалаған ұлт ретінде қазақ ұлтына үлкен жауапкершілік жүктелетіндігі, ұлттың ынтымақтастығы, үлкен отаншылдығы, мемлекетшілдігі арқылы біздің халқымыздың үлкен рөлін алға тартады.

РКС: Мұның барлығы халқымыздың рухани негізін құрметтей отырып, мемлекетіміздің зайырлы ел ретіндегі мәртебесін күшейте түсудің амалы. Құрылтай осы мәселеге мән бергенімен құнды.

МАҚПАЛ ЕРҒАЛИЕВА, ПАВЕЛ СОЛОВЬЕВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ