ДИКТОР: Өткен жылдың қазан айында Қазақстанда тіл саясатын дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы қабылданды. Басты міндеттің бірі – қазақ әліпбиін латын қарпіне көшіру. Облыс бойынша аталған тұжырымданы іске асыру жөніндегі іс-қимыл жоспары бекітілді. Оның қазіргі орындау барысы қандай деңгейде? Осы мәселеге қатысты дөңгелек үстел басындағы кездесуде жан-жақты талқыланды.

 РКС: Тіл саясатын дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасымен, оның өңірде атқарылған нәтижелерімен бөлісу. Шараға жиылған зиялы қауым өкілдері осы бағытта қызу диалог орнатты. Қазақ тілін дамытуға бағытталған бірлескен іс-шаралар ұйымдастыру мәселелерін де талқылап, пікір алмасты. Бұл бағыттағы жұмыс ең алдымен отбасынан, одан соң балабақшадан басталуы керек,-деді жиылғандар.

СНХ: МАҚПАЛ ҚАЛИАҚБАРОВА, ОБЛЫСТЫҚ БІЛІМ БАСҚАРМАСЫ МЕКТЕПКЕ ДЕЙІНГІ ЖӘНЕ ОРТА БІЛІМ БӨЛІМІНІҢ БАС МАМАНЫ: Қазіргі таңда Ақмола облысы бойынша 38181 мектепке дейінгі ұйымдарда балалар саны бар. Барлығы 597 мектепке дейінгі ұйым бар. Сонымен қатар, 531 мемлекеттік тілдегі мектептер бар. Онда 137 мыңнан астам оқушы білім алуда. Осылайша, білім басқармасы қазақ тілінің дамуына үлес қосуда.

РКС: Тұжырымдама шеңберінде тілдік ахуалдың әлеуетін арттыруға арналған бағыттар мен мәселелер қаралды.

СНХ: АЙГҮЛ ТАЛПАҚОВА, ОБЛЫСТЫҚ ІШКІ САЯСАТ БАСҚАРМАСЫНЫҢ ТІЛДЕРДІ ДАМЫТУ ЖӘНЕ ОНОМАСТИКА БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ: Мемлекеттік мекемелердегі іс-қағаздардың қазақ тілінде жүргізілуі басқарманың басты назарында. Облыстық іс-қимыл жоспарындағы мемлекеттік органдарындағы қазақ тіліндегі құжат айналымының үлесі 2024 жылы 91,5 пайынзын құраса, біздегі ақпарат бойынша мемлекеттік тілдегі құжаттарының өзі 96 пайызды құрап отыр. Бұл біздің өңірдегі мемлекеттік орган қызметкерлерінің қазақ тілінде іс жүргізуде жауапкершілікпен қарағанының белгісі деп ойлаймыз. Қазақ тілін дамыту оны кеңінен қолдануды қамтамасыз ете отырып, бұқаралық мәдени шараларды ұйымдастыруда қазақ тілінің дамуына өзіндік үлес қосады.

РКС: Тіл мәселесі қашан да өзекті. Сондықтан дөңгелек үстелге қатысушылар ана тілдің мәртебесін көтеру жөніндегі ұсыныстарын ортаға салды.

МАҚПАЛ ЕРҒАЛИЕВА, МЕДЕТ ҚАЙЫРКЕНОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ