ДИКТОР: Жарқайың ауданының диқандары 678 мың гектар алқапқа егін егуді көздеп отыр. Оның 657 мыңы дәнді және бұршақ дақылдары болса, 6,8 мың гектарға майлы дақыл себіледі. Ал, мал азығына 13,7 мың гектар жер бөлінсе, 204 гектарға картоп, 110 гектар жерге көкөніс отырғызу көзделген. Жанар-жағар май, тұқым тапшылығы жоқ. Көктемгі дала жұмыстарын жүргізуге қажетті техника 97 процентке дайын. Биыл ауданның егін егу жұмыстарына 105 тұқым себу кешені, 1200-ге жуық трактор, 460-тан астам автокөлік жұмылдырылады. Өткен жылдың соңында 5 К-700 тракторы, 4 МТЗ, 6 Шахман көлігі, 3 тұқым қорғайтын машина сатып алынған. Ауданның ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерінен тұқым сатып алуға азық-түлік келісім-шарт корпорациясына 49 өтініш келіп түскен. Жалпы қаражат 4 106 178 мың теңге. Оның 17-сі үйлестіру кеңесінің қарауына жіберіліп, жетеуі мақұлданды. Қалғандары бойынша нақты шешім жақын арада қабылдануы тиіс.

 СНХ: ЖАНБОЛАТ ХАМИТОВ, ЖАРҚАЙЫҢ АУДАНЫНЫҢ ӘКІМІ: Бізді тұқым тапшылығы алаңдатқан еді. Шамамен, 8 мың тонна жетіспеушілік болған. Бірақ, азық-түлік келісім-шарт корпорациясының арқасында бұл сұрақ оң шешімін тапты. 23 мың тоннадан астам тұқым алуға екеуара келісім-шарт жасалды. Жанар-жағар май туралы айтар болсам, жергілікті ауыл шаруашылығы құрылымдары операторды таңдап, күні бүгінге дейін 12 вагон жанар-жағар май жеткізілді. Жалпы, көктемгі егіс науқанына дайындығымыз қанағаттанарлық деңгейде.