ДИКТОР: Облыстағы топан сумен күрес жұмыстарына көмек көрсету мақсатында Астанадан қосымша техникалар жіберіліп жатыр. Нақтырақ айтсақ, Астана маңындағы аудандарға 85-ке жуық техника, оның ішінде экскаваторлар, самосвалдар мен тиегіштер жеткізілді. Осы күндері арнайы техника Нұра өзенінің жағалауын нығайту шараларын бастап кетті. Облыс әкімі Марат Ахметжанов жүргізіліп жатқан жұмыстардың қарқынын бағалады.Сонымен қатар, Марат Ахметжанов Нұра өзенінің №2 гидробекеті- Преображенский су торабында болды. Оның өткізу қабілеті секундына 2600 текше метрді құрайды. Су торабының бастығы Әсет Сәкенов, қазіргі уақытта су 5,5 метрге дейін көтерілгенін мәлімдеді. Аймақ басшысы Нұра өзені бойынша су қозғалысының картасымен танысып, аудан әкіміне бірқатар тапсырма берді. Сондай-ақ, Целиноград ауданы Рахымжан Қошқарбаев ауылындағы Нұра өзені бойындағы су қозғалысын да тексерді. Ауыл тұрғындары жазбаша түрде хабардар етілген. Жағдай бақылауда. Марат Ахметжанов өзеннің қозғалысына мониторингті күшейтуді және жалпы су тасқынына қарсы барлық қажетті шараларды қабылдауды міндеттеді. Ал, Қосшы қаласының 19-шы және 20-шы шағын аудандарында су тасқынына қарсы жұмыстар қарқынды жүріп жатыр. Онда 200-ге жуық волонтер, қоғам қайраткерлері мен шағын аудан тұрғындары жұмыс істеп жүр. Аршалы ауданы Жібек жолы ауылында тәулік бойы Есіл өзені мен Безымянная бөгетінің жағасындағы бөгетті нығайту жұмыстары жүргізілуде. Ол жұмыстарға Астана мен аудан техникасын қосқанда 45 техника жұмылдырылған. Инертті материал толтырылған 2 мың қап төселіп, тағы 3 мыңы дайындалды. Түнгі уақытта Жібек жолы кентінде су деңгейінің ағынын бақылауды жүзеге асыру үшін мобильді бекеттер қойылған.