ДИКТОР: Топан судың салдарымен күресіп жатқан құтқарушылар адамдарға ғана емес, жануарларға да көмек көрсетуде. Мәселен, су басқан аймақтарды аралау кезінде төтенше жағдай департаментінің қызметкерлері Тайтөбе ауылының маңында тасқыннан сескеніп алқапта тұрып қалған 6 түйеге тап болады. Және бұл жалғыз мысал емес.
РКС: Түйе суда еркін жүзе алмайтын жануар. Ал, мына түйелер тап болған топан судың деңгейі, шамамен, 1 метр болған. Сәйкесінше, жануарларға бір орыннан қозғалудың өзі қиындық тудырса керек. Сондықтан, құтқарушылар әр түйені жеке-жеке алып шығуды жөн санаған, бірақ, бұл қиынға соқты. Өйткені, түйелерді орындарынан қозғалту оңай шаруа емес. Дегенмен, құтқарушылардың ойлары сәтті жүзеге асты. Облыстық төтенше жағдай жөніндегі департаменті бастығының орынбасары өзінің 30 жылдық тәжірибесінде мұндай жағдайдың алғаш рет орын алғанын айтады.
СНХ: ЕРЛАН МОЛДАХАНОВ, ОБЛЫСТЫҚ ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙЛАР ЖӨНІНДЕГІ ДЕПАРТАМЕНТІ БАСТЫҒЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: Қосшы қаласының маңында түйелерді құтқару операциясын жүргіздік. Бұл біз үшін ерекше тәжірибе болды. Топан суға тап болған жануарлар бір орында тұрып қалған. Бізге бұл жағдайды куәгерлер хабарласып айтты. Уақыт өткізбей айтылған жерге барып түйелерді алып шықтық.
РКС: Осыған ұқсас жағдай Аршалы ауданының Жібек жолы ауылында да орын алды. Су тасқынына қарсы іс-шараларды атқарып жүрген құтқарушы Фархат Ерденов сол арадан қыңсылаған дауыс естиді. Дыбысқа қарай барған ол шынжырға байланған күшікті көреді. Үйшігі суға толуға шақ қалған екен, сәл кешіксем күшік батып кетуі мүмкін еді,-дейді маман. Көп ойланбастан Фархат үйшікті қиратып, күшікті шынжырдан босатады. Жалпы, соңғы аптада құтқарушылар 2 итті аман алып қалған.
ФАРИЗА АСЫЛБЕКОВА, ВЕРОНИКА ЦВЕТКОВА, ЕРСАЙЫН ҚОЙШЫБАЕВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ