ДИКТОР: Облыс орталығында су тасқынымен күрес белсенді түрде жалғасып жатыр. Дәл қазіргі жағдайды айтар болсақ, Көкшетауда 16 тұрғын үй, 29 жер үй мен көпқабатты 12 үйдің ауласына су кірген. Құтқарушылар мен жергілікті атқарушы органдар жағдайды тұрақтандыру үшін барлық шараларды қабылдап жатыр. Толығырақ тілші материалында.

РКС: Бұл қаладағы вокзал маңындағы Абай көшесі. Мұнда төтенше жағдай департаментінің қызметкерлері мен волонтерлар үйлеріне су кірген тұрғындарға қол ұшын созып жүр.

СНХ: АНАСТАСИЯ ПОПОВА, КӨКШЕТАУ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ: Кешегі күнге қарағанда бүгін жағдай нашар. Әрине, жақсарғанын күтіп отырмыз. Көмек қолын созып жатқандарға мың алғыс. Олар еш қиындыққа қарамастан үйлерде қалған адамдарды сыртқа шығарып жатыр. Кеше түнде төтенше жағдай қызметкрелері суларды сору жұмыстарын жүргізді. Түнгі 12 кезінде жағдай жақсарған сияқты еді. Араға 3 сағат салып тағы су келе бастады. Бүгінгі жағдайымыз мәз емес.

РКС: Соңғы рет қатты су тасқыны 2019 жылы тіркелген. Ол кезде су деңгейі 140 сантиметр болса, биыл бұл көрсеткіш 190 сантиметрге дейін жеткен.

СНХ: ҚАНАТ ДОСПАЕВ, ОБЛЫСТЫҚ ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙЛАР ЖӨНІНДЕГІ ДЕПАРТАМЕНТІ БАСТЫҒЫНЫҢ УАҚЫТША МІНДЕТІН АТҚАРУШЫ: Кеше су өз арнасына түскеннен кейін су кірген аулалар мен үйлерді тазарттық. Кешке жаңбыр жауып, қар мен мұздың тез еруіне әсер етті. Нәтижесінде, су деңгейі көтерілді. Тіпті алдын ала дайындалған топырақ үйінділері арқылы өтіп кетті. Салдарынан 16 тұрғын үй, 29 жер үй мен 12 көпқабатты үйдің ауласына су кірді.

РКС: Зардап шеккендерге барлық көмек көрсетіліп жатыр. Осы уақытқа дейін 93 адам эвакуацияланды. Олар әлеуметтік бейімдеу орталығына орналастырылды. Қиын жағдайға тап болған тұрғындармен төтенше жағдай департаментінің психолог мамандары да жұмыс істеп жатыр. Облыс әкімі Марат Ахметжанов оқиға орнына барып, атқарылып жатқан жұмыстың барысымен танысты. Мамандардың пайымдауларынша, су тасқынының негізгі себебі: қыс бойы жауған қардың мөлшері мен өңірдегі ауа райының тұрақсыздығы. Айта кетейік, төтенше жағдай департаментінің қызметкерлері, жергілікті атқарушы органдар мен волонтерлар тарапынан тұрғындарға қолдан келгенше көмек көрсетіліп жатыр.

ФАРИЗА АСЫЛБЕКОВА, ЭДУАРД ПОГРЕБИЦКИЙ, МЕДЕТ ҚАЙЫРКЕНОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ