ДИКТОР: Облыс полицейлері аса ірі көлемде синтетикалық есірткі жасырған әйелді қолға түсірді. Бір қызығы, азаматша он жыл бойы Солтүстік Қазақстан облысындағы ауыл мектептерінің бірінде мұғалім болған. Бірнеше жыл бұрын жұмысынан шығып қалған ол табыс көзін іздеп, мобильді қосымшалардың бірінен есірткі жасырушының жұмысына тап болады. Полицейлер жедел іздестіру шарасы барасында есірткі жасырушыны Степногорск қаласында ұстады.

РКС: Тінту барысында полицейлер тыйым салынған зат бар 14 буманы тауып, тәркіледі. Одан кейін азаматша бір күн ішінде жасырған басқа да есірткілердің орнын айтты. Ол жерлерден екі үлкен пакет пен дозаларға бөлінген 4 шағын бума табылды. Жедел іздестіру және тергеу амалдары барысында полицейлер әйелдің Степногорскідегі жалдамалы пәтерін де тінтіді. Ол жерден тыйым салынған зат бар 105 бума мен есірткі заттарын доза бойынша қаптауға арналған құрылғы табылды. Сараптама нәтижесінде тәркіленген заттың 62,5 грамм синтетикалық «мефедрон» екені анықталды. Ұсталған азаматшаның айтуынша, бұл жұмысты 2023-жылдың соңында телеграмм арқылы тапқан. Оңай ақша табуды көздеген әйел кураторының бұйрығы бойынша Степногорск қаласына келіп, есірткі жасырумен айналысқан. Бірақ, арам пиғылы іске аспай, бірден полицейлерге ұсталып қалды.

СНХ: ВИТАЛИЙ ГУДЫМЕНКО, ОБЛЫСТЫҚ ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІ ЕСІРТКІ ҚЫЛМЫСЫНА ҚАРСЫ ІС-ҚИМЫЛ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСТЫҒЫ: Аталмыш факті бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодексінің 297-бабының 3-тармағына сәйкес сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр. Яғни, азаматша электронды ақпараттық ресурстарды пайдалану арқылы аса ірі көлемде есірткі заттарын жасырумен айналысқан. Мұндай қылмыс үшін 10 жылдан 15 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Қазіргі таңда күдікті тергеу изоляторына қамауға алынды.