ДИКТОР: Қазақ халқы ертеден ұрпағына, бала тәрбиесіне көп көңіл бөледі. Сондықтан балаға қатысты наным-сенімдер мен салт-дәстүрлер өте көп. Шілдехана жасау, қырқынан шығару, ат қою мен тұсау кесу секілді дәстүрлер күні бүгінге дейін үзілген емес. Наурыз мерекесі қарсаңында Көкшетаудағы Салтанат сарайында тұсаукесер рәсімі көрсетілді.

ИНТЕРШУМ: шашу рәсімі

РКС: Қазақтың игі дәстүрімен алдымен шашу шашылды. Кейін ақ жаулықты әже ақ батасын берді.

ИНТЕРШУМ: сәбидің аяғына ала жіп байлау сәті

РКС: Сәбидің аяғына дәстүрге сай ала жіп байланған. Бұл қазақ ырымында нәрестенің болашақта түзу жолмен жүріп, адал еңбек етуі үшін жасалады. Кейін тұсауы кесілген баланы жайылған ақ кілем үстімен жүргізеді. Ал кілемнің үстіне кітап, қамшы, аспап секілді түрлі заттар қойып, сәбиге таңдатады. Ол қайсысын таңдаса, сол салаға бет бұрады деп есептеледі.

СНХ: БАҚЫТГҮЛ ҒАЛИЕВА, ҚАЛАЛЫҚ ӘЖЕЛЕР МЕКТЕБІНІҢ МҮШЕСІ: Ертеде тұсаукесудің бір мәні еліміздің үлкен әжелері, қариялары тұсау кесіп, жолы ақ болсын, шалынбай жүрсін, бала тез шауып кетсін деп тұсауын кескен болатын. Қазір заманауи салтқа айналып келе жатыр. Әр отбасы сәбиінің аяғын басқан шақта өзінің таңдаған, жанына жақын жандарын таңдайды. Бүгінгі күні мәне куәгер болып отырмыз. Сәбилерімізге жарқын болашақ, бақытты балалық шақ тілеймін.

РКС: Тұсауы кесілмеген бала сүріншек, болашақта жығылғыш болады деген пайым бар. Ал тұсауы кесілген бала біреудің ала жібін аттамайтын адал, болы ашық азамат болады деп саналған. Жалпы, шара аясында 3 сәбидің тұсауы кесілді. Солардың бірі – Нұрмағамбетовтер әулетінің Саида бүлдіршіні.

СНХ: ӘЙГЕРІМ НҰРМАҒАМБЕТОВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ: Наурыз мерекесі құтты болсын. Мерекеге орай осындай шараға қатысып жатырмыз. Салт дәстүрлер күніне орай Саида қызымыздың тұсауын кестік. Апасына кестірдік. Апасы сияқты жан-жақты, көпшіл болсын деп. Үнемі жүгіріп жүрсін. Сол апасына тартсын деп, ырымдап кестірдік.

СНХ: АҚМАРАЛ НҰРМАҒАМБЕТОВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ: Біздің өміріміз баладан басталады. Қадамдары құтты болсын. Бүгін 3 баланың тұсауы кесілді. Балалық шақтары бақытты болсын. Өздері жақсы азамат болсын. Тек қана жақсылық.

РКС: Айта кету қажет, баланың тұсауын баланың өмірі қайшыланып қалмасын деп қайшымен емес, пышақпен кескен.

САМАЛ ЫСҚАҚОВА, САБЫРБЕК ШЕРИЯЗДАНОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ