ДИКТОР: Облыс әкімі Марат Ахметжанов этно мәдени бірлестіктердің және қоғамдық құрылымдардың төрағаларымен кездесті. Жиында ұлтаралық татулық пен келісімді сақтау, елдің дамуы жолындағы әр азаматтың рөлі жайлы айтылды.

РКС: Дөңгелек үстел басталмас бұрын Марат Ахметжанов «Қоғамдық келісімді» аралап, этно мәдени бірлестіктердің жұмысымен танысып шықты. Бұдан кейін жиынды ашқан облыс әкімі Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев құрылтайда көтерген мәселелерге қысқаша тоқталып өтті. Қазіргі таңда, облыс аумағында 49 этно мәдени бірлестік бар. Оның 17сі Қоғамдық келісімде орналасқан. Ал, Қазақстан Халқы Ассамблеясына 24 ақмолалық мүшелік етеді. Ассамблеяның басқа да жетістіктері жайлы секретариат меңгерушісі баяндады.

СНХ: САБЫРХАН КЕНЖЕБАЕВ, ҚАЗАҚСТАН ХАЛҚЫ АҚМОЛА АССАМБЛЕЯСЫНЫҢ СЕКРЕТАРИАТ МЕҢГЕРУШІСІ: 36 Қазақстан Халқы Ассамблеясының 32-сессиясының шешіміне сәйкес мемлекеттік саясатты түсіндіру мақсатында этнос аралық қатынастар саласындағы ақпараттық түсіндіру тобының бекітілген жоспары шеңберінде 6 шалғай елді мекендерде және 14 ауданда кездесулер өткізілді. Этно мәдени бірлестіктер мен қоғамдық құрылымдардың мүшелері аз қамтылған және көпбалалы отбасыларға арналған көмек көрсетуге ерекше назар аударып, былтырғы жылы 160 миллион теңгеге 2600ден астам қайырымдылық шара өткізді.

РКС: Баяндаманы тыңдаған Марат Ахметжанов бұл жұмыстармен шектелмеуді, ұлтаралық татулық пен тұрақтылықты нығайту жолында әлі де көп еңбек ету қажеттігін айтты.

СНХ: МАРАТ АХМЕТЖАНОВ, АҚМОЛА ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ: Этностар арасындағы ақпараттық имидждік жобаларды әзірлеп жүзеге асыру, бірлік құндылықтарын қоғамға жеткізу үшін интернет кеңістікте өткізілетін іс-шараларды кеңінен қамтып, ассамблея өкілдері әлеуметтік желілерде белсенділікті арттырсын. Және этнос жастарының барлығы өткізілетін шараларға белсенді қатысуды қамтамасыз ету қажет.

РКС: Кездесуде сөз алған «Қазақ тілі мен мәдениеті» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Марат Қойшин мемлекеттік тілді дамыту, мәдениетімізді нығайту жолында бірлесіп жұмыс істеу керектігін алға тартты. Бұл бағытта айтарлықтай еңбек етіп жүрген жастардың бірі Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің студенті Милана Тарасова. Мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейту мақсатында орталық ашқан. Бүгінде 70 ақмолалыққа қазақ тілін үйретеді.

СНХ: МИЛАНА ТАРАСОВА, МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ЖӘНЕ НАСИХАТТАУ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ КӨШБАСШЫСЫ: Бірнеше тыңдаушылар қазіргі таңда жұмыс істейтін мекемелерде мемлекеттік тілде сөйлей алатын дәрежеге жетті. Болашақта жоспарда клуб мүшелерімен театрларда қазақ тілінде өтетін қойылымдарға концерттерге барып, белсене қатысуға тырысу. Сонымен қатар, «Мәміле сөйле» клубында ғана емес қоғамдық келісім мекемесі жанындағы ассамблея жастары қоғамдық бірлестігінде де мемлекеттік тілді меңгерген 80ге жуық жастар бар.

РКС: Жиын қатысушылары этно мәдени бірлестіктер мен қоғамдық құрылымдардың алдағы жұмыстарын нығайтып, сапасын арттыруға бағытталған жоспарларымен де бөлісті. Кездесу соңында Марат Ахметжанов ұлтаралық татулықтың қоғамдағы рөлі өте маңызды екенін баса айтты. Халық арасында ауызбіршілік болмаса, елдің дамуы, барлық салалар бойынша алға жылжуы мүмкін емес,-деді облыс әкімі.

ФАРИЗА АСЫЛБЕКОВА, ЖҮРСІН ӨМІРЗАҚ, БЕКЖАН ТӨЛЕБЕК КӨКШЕ АҚПАРАТ