ДИКТОР: Ақмола облысының мәдениет басқармасын ұзақ жыл басқарған, аймақтағы мәдениет саланың дамуына зор үлес қосқан Нүрикамал Сейітжанова көзі тірі болса биыл 75 жасқа толар еді. Сұм ажал осыдан бірнеше жыл бұрын арамыздан алып кетті. Мәдениет саласы майталманының мерейтойына орай Шахмет Құсайынов атындағы облыстық қазақ музыкалық-драма театрында «Әннің аты – Нүрикамал» атты музыкалық драманың премьерасы өтті. Қойылымды тамашалаған әннің авторы, ақын Ханбибі Есенқарақызы театр ұжымының жұмысына оң бағасын берді.
ИНТЕРШУМ
РКС: Халықтың жүрегінен орын тапқан «Нүрикамал» әнін білмейтін қазақ жоқ шығар. Бірақ, әннің шығу тарихын бірі білсе, көпшілігі одан мүлдем бейхабар. Бұл ән сол кезде лауазымды қызметте болған Нүрикамал Сейітжановаға арналған. Әннің шығуына арқау болған бойжеткен отбасылы азамат, танымал сазгер Тұрдықылыш Ізтаевты өзіне ғашық еткен. Ең қызығы әннің сөзін сазгердің әйелі, ақын Ханбибі Есенқарақызы жазып берген екен.
ИНТЕРШУМ: спектакльден үзінді
РКС: Ән 1988 жылы дүниеге келген. Ал, бертін Нүрикамал Сейітжанова әннің пьесаға айналғанын қалап режиссер әрі драматург Ерсайын Төлеубайға қолқа салған көрінеді. 2 жыл жазылған пьеса алғаш рет Шахмет Құсайынов атындағы облыстық қазақ музыкалық-драма театрының сахнасында көрерменге жол тартты. Өкініштісі, пьеса дайын болған кезде Нүрикамал Сейітжанқызы дүниеден озып, туындымен танысып үлгермеді.
СНХ: ЕРСАЙЫН ТӨЛЕУБАЙ, «ӘН АТЫ – НҮРИКАМАЛ» СПЕКТАКЛІНІҢ ҚОЮШЫ РЕЖИССЕРІ: Дүниеден қайтардың алдында бір апта бұрын звондаған өзі. Жағдайың қалай деп. Өзің қалайсың. Жақсымын деді. Бір аптадан кейін сіңлісі ғой деймін звондады. Дүниеден қайтып кетіпті. Мынау бір жағынан тарихи шығарма, екінші жағынан қазақ халқы бәрі біледі. Сонымен бұл жерде адам тағдыры тұр. Үш адамның тағдыры тұр. Және үшеуінің тағдыры үш түрлі. Композитор, символикалық ару Нұрикамал және Ханбибі ақын, сөз иесі.
РКС: Спектакль үш тағдырды, өнер адамдарының жан сезімі мен жай күйін бейнелей отырып, әр көрерменді нәзік иірімдерімен баурап алады. Күйеуінің өзгеге ғашық болғанын біле тұра оның жүрегіндегі сезімді қағаз бетіне түсіріп, өлеңнің шығуына ықпалдасқан Ханбибі Есенқарақызы "Ол бойжеткенге ғашық болмау мүмкін емес еді. Бұл әнді Естайдың Қорланы сияқты бағаладым",-дейді.
СНХ: ХАНБИБІ ЕСЕНҚАРАҚЫЗЫ, АҚЫН: Естай да жоқ, Қорлан да жоқ. Тұрдықылыш та жоқ, Нүрикамал да жоқ. Бірақ мен шын жүрегімменен, қызғаныш болады туған күйеуің біреуге ғашық болып жатса, бірақ сол қызғанышты жеңіп, әдемі ән үшін, әсерлі сезім үшін мен сол сөзді жазуға бардым. Және оған еш өкінбеймін.
РКС: Спектакль Нүрикамал Сейітжанқызының 75 жылдығына арналған. Ерлі-зайыпты Тұрдықылыш пен Ханбибінің рөлін Қайрат Мырзаболатов пен Жанар Құсайынова ойнаса, Нүрикамалды сомдау Мақпал Сүлейменоваға бұйырыпты. Ханбибі Есенқарақызы актерлардың ойыны мен режиссердің жұмысына оң бағасын беріп, ризашылығын білдірді. Облыс әкімі Марат Ахметжановтың атынан бірінші орынбасары Елдос Рамазанов ақынға құрмет көрсетіп, иығына шапан жапты.
ИНТЕРШУМ: шапан жабу сәті
ФАРИЗА АСЫЛБЕКОВА, ДАРХАН МҮЖІБАЕВ КӨКШЕ АҚПАРАТ