ДИКТОР: Зеренді ауданында аудан әкімінің кубогына арналған құсбегілік пен қазақы құмай тазылар арасында «Шырға тарту» жарысынан ашық турнир өтті. Оған облыс аудандарымен қатар еліміздің бірнеше облыстарынан келген бүркіт пен тазы иелері қатысты. Жетпісте жуық қатысушы жануарлары мен құстарының шеберлігін, алғырлығын көрсетіп, өзара мықтыны анықтады.
РКС: Ашық турнир Зеренді ауданы әкімдігінің мұрындық болуымен екінші рет өткізілуде. Ұйымдастырушылардың мақсаты: ата-бабадан мұра болып қалған ерекше өнерді жастарға насихаттау, өскелең ұрпақтың қызығушылығын ояту, құсбегілер мен құмай тазы асыраушыларға қолдау білдіру.
СНХ: ТОҚТАР ЕКПІН, ШАРАНЫ ҰЙЫМДАСТЫРУШЫ: Осы жарыс жалғасын таба берсе деген ниетіміз бар. Және де біздің осы Зеренді районынан үлгі алып, басқа аудандардағы басшылар да қолға алса деген ниетіміз бар. Енді бұл дүние бізге керек, қазаққа керек. Басқа ешкімге керек емес. Сондықтан да, осы дәстүріміз өліп кетпесе екен деген ниеттеміз.
РКС: Турнир қатысушылары Қарағанды, Павлодар, Солтүстік Қазақстан облыстары мен Астана қаласынан келген. Қарағандыдан ат терлетіп келгендердің бірі Рамазан Усеев. 76 жастағы ақсақалдың тазы асыраумен айналысып жүргеніне 70 жыл. Қазірде балаларын, немере, жиендерін осы өнерге баулып жүр. Өзінің Зерен және Зымыран атты қос тазысы бар.
СНХ: РАМАЗАН УСЕЕВ, ТУРНИРГЕ ҚАТЫСУШЫ (ҚАРАҒАНДЫ ОБЛЫСЫ): Талай приздар алдым, талай жерлерде болдым. Ендігі арманым осы қазақтың тазысын әлем таныса екен. әлем танып, қазақтың тазысы деген атаққа ие болса екен деген арман бар. Күнде емес, демалысына 1-2 рет аңға шығып тұрамын. Күнде ала бермейсің, анда-санда. Қоян, түлкі, борсық алып келеміз.
РКС: Турнир қатысушыларының ішінде әсіресе ерекшеленіп, көзімізге оттай басылғандардың бірі Асыл есімді жас келіншек. Көбіне, ер азаматтарға тән өнер түрімен нәзік жандылардың айналысуы, әрине, ерекше құбылыс. Асыл Солтүстік Қазақстан облысы, Айыртау ауданының намысын қорғап келген. Өзі мұғалім. Кішкентайынан аттың құлағында ойнайды. Ал, соңғы жылдары тазыға деген қызығушылығы оянып, итбегілікке де бет бұрған көрінеді.
СНХ: АСЫЛ АХМЕТОВА, ТУРНИРГЕ ҚАТЫСУШЫ (СОЛТҮСТІК ҚАЗАҚСТАН ОБЛЫСЫ): Бірінші рет қатысып көрейін деп жатырмын. Ешқандай дайындықсыз. Енді көреміз қалай болатынын. Осындай іс-шаралардың өітп жатқаны өте қуантады. Өйткені, біздің солтүстік өңірде мұндай нәрселер өте аз. Біздің ұлттық құндылықтарымызды, рухани байлығымызды көтеретіндей, жастарымызға үлгі болатындай. Және де осындай ұйымдастырушыларды қолдау ретінде біз бүгінгі күні келіп тұрмыз, осындай іс-шараларды өткізбеуге тырысамыз.
РКС: Бүркіт ұстап, аңшылыққа шығуды сүйікті ісіне айналдырғандардың бірі зеренділік Сейілбек Жақашев. Осы күні 14 жасар қызы Аяжанды да жанынан бір елі тастамайтын болған. Онысы өскелең ұрпақ ұлттық өнерді білсін, қазақылыққа жақын болсын дегені.
СНХ: СЕЙІЛБЕК ЖАҚАШЕВ, ТУРНИРГЕ ҚАТЫСУШЫ: Құсымның аты Дос. 1 жаста. Құстың тілімен айтқанда балапан. Міне, тірнек деген жасқа екінші жылға шығып жатыр. Бұл құспен халықаралық фестивальға қатысып келдік. Қазақстан чемпионатына қатыстық. Осы құсты дайындарда өзімнің үлкен қызым Аяжан маған көп қолғабыс. Құдай қаласа енді алдағы уақытта құсбегілік өнерге баулып жатқан жайым бар. Бүгін, міне, келіп қатысып жатқан алғашқы жарысы.
ИНТЕРШУМ: бүркіттің ұшуы
РКС: Турнир шартына сай құсбегілер үш кезең бойынша бақ сынады. Қолға шақыру, шырға тарту және қоян алу, ал құмай тазылар шырға тарту бойынша сынға түсті. Әр қатысушының аталмыш жарысқа тыңғылықты әзірленгені байқалады. Әр қайсы бүркіті мен тазысын әбден сайлаған.
STAND-UP: ФАРИЗА АСЫЛБЕКОВА, ТІЛШІ: Аңшылық қанында бар қазақ халқы қашан да бүркіт пен тазыны жанына серік еткен. Және осы өнердің біздің өңірде соңғы кездері жанданып жатқаны қуантады. Бүгінгі ашық турнирге қатысып жатқан құстардың бірі Аристократ атты мына бүркіт. Бұның жасы бесте. Бурабай ауданына келіп отыр. Иесінің айтуынша Аристократ бүгінгі күнге дейін талай турнирлерге қатысып жүлделі оралған екен. және аңшылыққа да жиі шығып тұратын көрінеді.
РКС: Турнирдің жалпы жүлде қоры 1 миллион теңгеден астам. Жүлде мен ұйымдастыру жұмыстарына қажетті қаражатты жергілікті аудандық әкімдігі мен демеушілер бөлген. Ұйымдастырушылар алдағы уақытта мұндай шараларды жиі өткізіп, республикалық, одан қалды халықаралық деңгейге шығуды көздейді.
ФАРИЗА АСЫЛБЕКОВА, ДАРХАН МҮЖІБАЕВ, ЖАМБЫЛ БАЛТАЕВ КӨКШЕ АҚПАРАТ