ДИКТОР: «Бақытты отбасы» партиялық жобасын іске асыру аясында «AMANAT» партиясы Ақмола облыстық филиалы бастауыш партия ұйымдарының арасында «Ару Ана» байқауы өтті. 8-наурыз Халықаралық әйелдер күніне орайластырылған сайыстың мақсаты – қазақ халқының салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпын жаңғыртып, отбасылық құндылықтарды сақтау, ынтымағы жарасқан отбасыларды көпшілікке үлгі ету. Сонымен қатар, олардың қоғамдық-мәдени шараларға белсене араласуына да мүмкіндік жасау. Әдемі кештен әріптесім Мақпал Ерғалиева сюжет дайындады.
РКС: Кимешек, тақия, ақ орамал мен ұлттық нақышта тігілген киім. Қатысушылардың қай-қайсысына болсын қарасаң, көзің тоймайды. Қазақ әйелінің символы осылай болуы керек деген ой түйесің. Сайысқа барынша дайындалғандары көрініп тұр. Әр елдің көрінісі мен салт-дәстүрі осындай әйел-аналардың бейнесімен өлшенері сөзсіз.
СНХ: АҚМАНАТ ӘЛІМБЕТОВА, «AMANAT» ПАРТИЯСЫ ОБЛЫСТЫҚ ФИЛИАЛЫ АТҚАРУШЫ ХАТШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: Бұл бастауыш партияның ұйымшылдығын көрсетеді. Олар өз үміткерін дайындайды. Байқау отбасының салт-дәстүрлері, құндылықтарына бағытталған. Жалпы «Ұлттық мұра» жобасы аясында да өз құндылықтарымызды дәріптеу үшін де осы байқауды өткізіп отырмыз. Бұл тек қала аумағында ғана емес, бұл байқау аудандарымызда жүргізілетін болады.
РКС: Әйел – отбасының ұйытқысы, жанұяда ғана емес, жалпы қоғамда да бейбітшілік пен тыныштықтың шырақшысы саналады. «Әйел бір қолымен бесікті, екінші қолымен әлемді тербетеді деген бар. Сондықтан, біз жан-жақты, өзгелерге үлгі болуымыз керек», - дейді «Ару Ана» байқауына қатысушы.
СНХ: ӘСЕМГҮЛ МҰСТАФИНА, «АРУ АНА» БАЙҚАУЫНЫҢ ҚАТЫСУШЫСЫ: Менің ойымша, әйелдер арасында мұндай конкурстар өту керек. Әйел адам күнде үйдің және бала-шағасының жағдайымен айналысады. Кейбір кезде ол өзін әйел сезінуді ұмытып кетеді. Сондықтан ол өзін мынадай конкурстарда өзін көрсете алады. Өз отбасы жайлы айтып бере алады. Өнерін көрсете алады. Барша әйелдер бір байқауда бір-бірімен қарым-қатынас жасай алатынын көруге болады.
РКС: Байқауда қатысушылар үш кезең бойынша сынға түсті. Өзін-өзі таныстыру, тағам дайындау және өнерін көрсету. Сайыс қорытындысы бойынша «Мәдениет» бастауыш партия ұйымынан Бақытгүл Ғалиева 1-ші орынға лайықты деп танылды. «Қамқор» бастауыш партия ұйымының өкілі Айсұлу Әбілова 2-ші жүлдені иеленсе, «Білім» бастауыш партия ұйымынан атынан өнер көрсеткен Гүлзира Кәкей байқаудың қола жүлдегері атанды. Алдағы уақытта «Ару Ананың» көшпелі сайысын Целиноград және Шортанды аудандарында өткізу жоспарланып отыр.
МАҚПАЛ ЕРҒАЛИЕВА, ӘЛІШЕР ШАКУБАЕВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ