ДИКТОР: Сталиндік режим кезінде Қазақстанға көптеген ұлттың өкілі жер аударылды. 800 мыңға жуық неміс, 102 мың поляк, 550 мың Солтүстік Кавказ халқының өкілдері, 18 мың Қиыр Шығыстағы корей отбасылары көшіп келуге мәжбүр болды. Бастарына күн туған өзге ұлт өкілдерін қазақ халқы бауырындай қарсы алып қолдарынан келгенше көмектесті. Соның арқасында жер аударылғандардың болашаққа деген үміт оты жанып, аяқтарынан тұрып кетті. Қазақ халқының қамқорлығының арқасында аман қалған отбасымен арна тілшілері танысып қайтты.
РКС: Қырқыншы жылдары жер аударылғандардың бірі көкшетаулық Точиевтер отбасы. Отағасы Гирихан Точиевтің жанұясы 1944-жылы Ингушетиядан қудаланған. Ол кезде, небәрі, 3 жасар бала болған Гирихан бастарынан өткен дүрбелеңді ешқашан ұмытқан емес. Ата-анасы мен екі бауыры әуелі Павлодарда тұрақтайды. Араға бірнеше жыл салып Көкшетаудағы туысқандарын жағалап осында көшіп келеді. Қиын қыстау заманда құшақ жая қарсы алып, бір үзім нанды бөліп жеген қазақ халқына осы күнге дейін алғысын айтып, ризашылығын білдіруде.
СНХ: ГЕРИХАН ТОЧИЕВ, КӨКШЕТАУ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ: Олар өздері де өте жұпыны тұрды. Ол кезде бәрі кедей болатын. Қолдарында түк болмаса да, моральды, материалды тұрғыдан бізге көп көмек көрсетті. Біз де мұсылманбыз ғой. Содан болар, қазақтармен тез тіл табысып кеттік. Қазақтардың арқасында біздің өмірге, жарқын болашаққа деген сеніміміз оянды. Осылайша, біз аман қалдық. Осы күнімізге шүкіршілік айтамыз. Әсіресе, қазақ халқына деген ризашылығымыз, алғысымыз шексіз.
РКС: Гирихан Точиев ауылшаруашылығы институтында білім алып, саналы ғұмырын мал шаруашылығына, құрылыс саласына арнаған. Жары Лемкамен танысып, отбасын құрады. Бір қызығы әйелі өзімен тағдырлас. Оның да жанұясы Ингушетиядан қудаланған. Бүгінде екеуі 6 ұл мен қыздан немере, жиен, шөбере сүйіп отыр. Департацияның қалай өткенін бала-шағаларына жасырмай айтады. Бұл біздің тарих, ал өскелең ұрпақ тарихты бүкпесіз білуі керек,-дейді.
СНХ: МҰСА ТОЧИЕВ, КӨКШЕТАУ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ: Әрине, біз тарихымызды жақсы білеміз. Ата-анамыз бала кезімізден айтып келеді. Бұл оқиға қанша жерден ауыр болғанымен, біздің ата-анамыздың басынан өткен жағдай. Бізге оны есту, көзімізге елестету оңай емес. Ата-анамыз үшін, олардың ұрланған балалық шағы үшін жүрегіміз ауырады. Ең ауыры бұл 1-2 адамның ғана емес, тұтас халықтың тағдыры. Ата-анамыз қиын кезеңдерді айта отыра, сол кезде қолдау білдірген қазақ халқының мейірімділігін де ұмытпай тілге тиек етіп отырады.
РКС: Алғыс айту күні – елімізді бейбітшілік пен достыққа, тыныштық пен ынтымаққа үндейтін мереке. Тағдыр тәлкегімен Қазақстан жеріне қоныс аударған түрлі ұлттардың миллиондаған өкілдерін құшақ жая қарсы алған қазақтар тар заманда басына түскен ауыртпалықты қайыспай бірге көтере білді. Бұл кең құшақ құрмет - еліміздегі түрлі ұлт өкілдерінің арасындағы адамгершілік қарым-қатынастың өнегелі өлшеміне айналды.
ФАРИЗА АСЫЛБЕКОВА, ЖҮРСІН ӨМІРЗАҚ КӨКШЕ АҚПАРАТ