ДИКТОР: Бүгінде теміржол көлігінің астында қалып мерт болып немесе ауыр жарақат алып жатқан жағдайлар аз емес. Қауіпсіздік ережелерін сақтамай, өтуге тыйым салынған жерлермен темір жолды кесіп өтудің салдары осындай жағдайға әкеліп соғуда. Осыған орай, Көкшетауда "Қауіпсіз жол" жедел профилактикалық шарасы жүргізіліп жатыр. Іс-шара барасында 120-ға жуық заң бұзушылық анықталды.
РКС: Көкшетау станциясындағы желілік полиция бөлімі қала тұрғындары мен қонақтарына теміржол қауіпті аймақ екені туралы түсіндірме жұмыстарын жүргізуде. Басты мақсат - көлік нысандарында жазатайым оқиғалардың, қоғамдық орындар мен жолаушылар поездарында орын алатын қылмыстардың алдын-алу. Жазатайым оқиғалардың басым бөлігі азаматтардың теміржол бойынан белгіленбеген жерден кесіп өтуден орын алып отыр.
СНХ: КӘРІМЖАН ЖАЛМҰҚАНОВ, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ: Бізге вокзал мекемесінде қауіпсіздік жолдарын барлығын түсіндірді. Теміржолдан қалай өтуге керек екендігін барлығын. Арнайы төселген жолдары бар екен. Сонымен өтіп қауіпсіздікті сақтау керек.
РКС: Елді мекен тұрғындары төрт түлікпен жан бағып отыр. Көбінесе ауыл тұрғындары малды теміржол бойына жайып, қараусыз қалдырады. Салдарынан, жүк және теміржол пойыздарының шұғыл тежеу фактісі тіркеліп жатады. Іс-шара барысында мал жаю қағидаларын бұзған 30-ға жуық азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Машинистің тәжірбиесі мен кәсібилігіне қарамастан ауыр поезды тоқтату оғай емес.
СНХ: АСАН ҚАУМЕТОВ, КӨКШЕТАУ СТАНЦИЯСЫ ЖЕЛІЛІК ПОЛИЦИЯ БӨЛІМІ ӘКІМШІЛІК ПОЛИЦИЯ БӨЛІМШЕСІНІҢ БАСТЫҒЫ: Жедел профилактикалық іс-шара аясында азаматтарды заңсыз тасымалдаған такси жүргізушілерін анықтадық. Сондай-ақ, шара барысында Көкшетау станциясына дейінгі учаскілерде 30-ға жуық шұғыл тежеу фактісі тіркелді. Оның ішінде 26 факт ірі қара малға байланысты. Яғни, малды жол айрығына жайған. Иелері анықталып, әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
КС: Сонымен қатар, аталмыш іс-шара түнгі уақытта вокзал маңында қаңғып жүрген жасөспірімдерді анықтау үшін де бағытталып отыр. Теміржол бойындағы құқық бұзушылықтар саны өткен жылмен салыстырғанда біршама азайды. Десе де, теміржол қауіпті аймақ екенін естен шығармаған абзал.
ЛАУРА ДӘУЛЕТБЕК, МЕДЕТ ҚАЙЫРКЕНОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ