ДИКТОР: Облыс орталығында арнайы және жұмылдыру даярлығы басқармасы мен "Динамо" дене шынықтыру-спорт қоғамының ұйымдастырумен Ішкі істер Министрлігінің үш генералын Владимир Рыбинский, Амангелді Жармағамбетов және Халмурат Хайдаровты еске алуға арналған спорттық турнир өтті. Олар бұрын өңірдің полиция департаментін басқарған азаматтар. Бұл басшылар күрделі тарихи кезеңдерде ішкі істер органдарының қалыптасуына айтарлықтай үлес қосқан. Еске алу турнирі – аймақтарда өткен жарыстардың қорытынды кезеңі. Бұған дейін аумақтық бөлімшелер базасында жарыстар ұйымдастырылып, 4 команда финалға шыққан болатын. Олар: Департамент аппаратының, Степногорск қаласы полиция басқармасының, Бурабай және Жақсы аудандары ардагерлерінің құрамалары. Қатысушылар үш спорт түрі: волейбол, үстел теннисі және дойбыдан бақ сынады. Тартысты доданың қорытындысы бойынша Степногорск қаласы полиция басқармасының командасы қола жүлдегер атанды. Бурабай ауданының ардагерлері екінші саптан көрінсе, Департамент аппараты командасының атынан қатысқан ардагерлер турнирдің барлық кезеңдерінде керемет ойын көрсетіп бірінші орынды қанжығалады. Жеңімпаз команда мен жүлдегерлерге "Динамо" дене-шынықтыру және спорт қоғамының атынан кубок, грамота, медаль және бағалы сыйлықтар табыс етілді.