ДИКТОР: Жоғары оқу орнында білім алу – біліктілікті арттырудың бірінші сатысы ғана. Ал білім мен дағдыны үнемі жаңартып отыру уақыт талабы. Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау университеті өз түлектеріне «UPGRADE орталығын» ұсынады. Осы бағдарлама аясында тілек білдірушілер еңбек нарығына тез бейімделуге дағдыланады.

РКС: Жоғары білімді дамыту тұжырымдамасына сәйкес, басым бағыттардың бірі – үздіксіз білім беру. Мамандық алған соң тұлға әрине дамуды тоқтатпау керек. Түлектердің біліктілігін арттыру орталығының мақсаты – заманауи технологияларға, оқыту ресурстарына және сарапшылық тәжірибеге қолжетімділікті қамтамасыз ету.

СНХ: АЙГҮЛ ЖАҚЫПОВА, Ш.УӘЛИХАНОВ АТЫНДАҒЫ КӨКШЕТАУ УНИВЕРСИТЕТІНІҢ ПРОРЕКТОРЫ: Бүгінгі таңда жоғары білім туралы диплом алған адам кәсіби қызметке кірісе отырып, өмір бойы өзін-өзі дамытып, жаңа дағдылар мен қосымша білім алуы керек. Бүкіл әлемде өзін-өзі дамытуға деген бұл тенденция бар. Яғни, қазір адам өзі қалаған салада қосымша білім ала алады.

РКС: Университет түлектері өздерінің білім көкжиегін кеңейтуге және өзге салаларда дамуға мүмкіндік беретін курстарды таңдай алады. «Бизнеске арналған ағылшын тілі», «Цифрлық сауаттылықты дамыту» және «Эмоционалдық интеллект» атты лекциялар мен практикалық сабақтар жұмыс істейтін талапкерлерге ыңғайлы уақытта, әрі тегін жүргізіледі.

СНХ: СӘУЛЕ ҚАСЫМОВА, "UPGRADE ОРТАЛЫҒЫ" ТЫҢДАУШЫСЫ: Мен Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің 2012 жылғы түлегімін. Upgrade орталығы ашылғалы мен іскерлік ағылшын тілі және эмоционалдық интеллект бойынша сабақтарға қатыса бастадым. Менің университетке алғысым шексіз, өйткені біз мұнда әлі де білімімізді шыңдап жатырмыз. Жаңарту орталығында қазір өтіп жатқан бизнес тақырыбы маған қажет. Эмоционалды интеллект бойынша сабақтар да өз жемісін береді деп ойлаймын.

РКС: Ұсынылған курстардың арқасында университет түлектері теориялық біліммен қатар, кәсіби қызметтің жаңа тәсілдерін де меңгере алады. Өмір бойы үздіксіз білім алу тез өзгеретін әлемде бәсекеге қабілетті болудың таптырмас жолы.

МАҚПАЛ АЙБАБИНА, ЭЛЬМИРА ОСПАНОВА, ЖҮРСІН ӨМІРЗАҚ, КӨКШЕ АҚПАРАТ