ДИКТОР: Aqmola IT Hub – өңірде ақпараттық технология индустриясын дамытуға арналған негізгі алаң болатын инновациялық орталық. Оның мақсаты IT-стартаптар құрастыру және дамыту, сонымен қатар, осы саладағы мамандарды оқыту. Көкшетауда алғаш рет өткен іс-шарада жаңа 7 жоба авторы жүлделі орындарға таласты.
РКС: Байқау қатысушылары өздерінің инновациялық ойларын көрермен мен қазылар алқасының назарына ұсынды. Сайысқа қосымша немесе веб-сайт сынды дайын өнімдермен қатар, әлі толық ойластырылмаған жобалар да қатысты. «QAZKIDS» ойынының жоба менеджері Никита Самцовтың стартап жобасын қолға алғанына 3 ай болған.
СНХ: НИКИТА САМЦОВ, «QAZKIDS» ЖОБА МЕНЕДЖЕРІ: Байқау туралы әлеуметтік желіден білдім. Одан кейін өтінім бердік, бізді қатысуға шақырды. Менің ойымша жоба және жалпы байқау сәтті шыққан. Қатысушылардың барлығы уақыттарын тиімді өткізіп, өздерінің үздік жобаларын ұсынды. Ал, біздің «QAZKIDS» жобамыз балаларды оқытуға арналған қосымша.
РКС: Өз жобаларын қорғап жатқан қатысушылар үшін мұндай іс-шара үлкен аудитория алдында сөз сөйлеп, таныстыру дағдысын дамытуға жақсы мүмкіндік. Қазылар алқасына да кіл мықтылар мүшелік еткен. Олар да кезінде өздерінің жобаларын IT саласында сәтті жүзеге асырған. Ал, бүгінгі тәжірибе қатысушылардың алдағы уақытта жобаларын дамытып, инвестиция тартуларына септеседі.
СНХ: ДИАН АЙБАШПАНОВ, «ASTANA HUB» ӨҢІРЛІК МЕНЕДЖЕРІ, «AQMOLA IT HUB» БАСШЫСЫ: Pizza Pitch іс-шарасы –Astana Hub үшін жаңалық емес, 2019-2020 жылдардан бері өткізіліп келеді. Шараның көздегені стартаптардың мақсатымен танысу, қатысушыларды алда болатын үлкен байқауларға дайындау. Бүгінгі таңда, IT саласы үлкен кластер. Тіпті, қай сала болмасын, кез келген компания IT-компания болуы тиіс деп айтар едім.
СНХ: АННА МИТИНА, КӨРЕРМЕН: Іс-шара жайлы инстаграм әлеуметтік желісінен білдім. Маған бұл байқау өте қызық болып көрінді, өйткені, соңғы уақытта IT технологияға деген сұраныс артуда. Және жаңашылдықтардан қалып қоймай, заман ағымына сай болған дұрыс. Сондықтан, осы байқауға қатысуды жөн санадым.
РКС: Байқау жеңімпаздары бағалы сыйлықтармен марапатталды. Алдағы уақытта мұндай іс-шараларды жиі өткізіп, өңірдің IT-қауымдастығына мейлінше көп адамдарды тарту жоспарланған.
ФАРИЗА АСЫЛБЕКОВА, ЭЛЬМИРА ОСПАНОВА, ӘЛІШЕР ШАКУБАЕВ, АРДАҚ ТІЛЕУҒАБЫЛОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ