ДИКТОР: Ақмола облысында Бурабай, Зеренді және Целиноград аудандарымен қатар Ақкөл ауданында туризм белсенді дамып келеді. Аудан аумағы бірегей табиғи, тарихи және мәдени әлеуетке ие. Мұнда медициналық қызметтері бар курорт-қонақ үй құрылысын қоса алғанда, инфрақұрылымды дамыту бойынша жобалар іске асырылуда. Бурабай және Ақкөл ауданына барған облыс әкімі Марат Ахметжанов туризмнің даму перспективасымен танысты.

РКС: Кездесуде экологиялық қауіпсіздік пен облысқа туристерді тарту жұмыстарын одан әрі арттыру жоспарлары талқыланды. «Біздің өңірде жергілікті қонақтармен қатар, шетелдік туристердің назарын аударуға айтарлықтай мүмкіндік бар. Ақкөл ауданы да инвесторларды тарту және туристік аймақ мәртебесін алу үшін жеткілікті әлеуетке ие», - дейді Марат Ахметжанов. Облыстық туризм басқармасының басшысы Андрей Подгурскийдің айтуынша, 2023 жылы Ақкөл ауданының демалыс орындарына келушілер саны 206%-ке, ал қызмет көрсету көлемі 149% -ке артқан. Облыс әкімі ауданның жағдайын жақсартып, туристерді тарту үшін атқарылып жатқан жұмыстардан да құлағдар болды.

СНХ: АНДРЕЙ ПОДГУРСКИЙ, ОБЛЫСТЫҚ ТУРИЗМ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ: Туристерді тартатын бірден бір орын Ақкөл көлі деп ойлаймыз. Ол өте үлкен емес, терең де емес. Бір мәселе көлде қамыс толып кеткен. Бірақ, бұл мәселенің де шешілу жолдары бар. Біріншісі, табихи ресурстар басқармасымен ақылдасып жатырмыз. Мемлекеттік жеке меншік әріптестік аясында көлді тазалап беретін инвестор бар. Екінші жолы – бюджеттік қаражаттан ақша бөлу. Бірақ, бұл нұсқаға басымдық беріп отырған жоқпыз. Өйткені, жоба құны, шамамен, 7 миллиард теңге. Сондықтан, мемлекеттік жеке меншік әріптестіктің көмегіне жүгіну дұрыс деп есептейміз.

РКС: Бұдан кейін Марат Ахметжанов Щучье-Бурабай курорттық аймағының туристік нысандарына барды. Мұнда өңір басшысына аудандағы көлік және инженерлік инфрақұрылым жобаларының даму барысы туралы баяндалды. Сапар соңында Марат Ахметжанов қысқы спорт түрлері бойынша Олимпиадалық дайындық орталығына барды.

ФАРИЗА АСЫЛБЕКОВА, БАУЫРЖАН СМАҒҰЛОВ, АЛМАС СӘДУАҚАСОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ