ДИКТОР: Қыз баланы қазақ қашан да құрметтеген. Оны гүлге теңеуі де бекерден бекер емес. Ол болашақ ана. Қыз бала өріс деп те айтады. Көкшетаудағы 4-ші мектебінің ұжымы «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы аясында оқушылар арасында танымдық шара ұйымдастырды. «Қыз өссе-елдің көркі» қыз сыны байқауына жақсы дайындалыпты. Сайыс қыз балаларды адамгершілікке, қазақ халқының салт-дәстүріне, әдептілікке, инабаттылыққа тәрбиелеуді көздейді.

ИНТЕРШУМ: қыз балалар дайындаған тағамдарын таныстыруда

РКС: Сайыста бағын сынаған қос бұрымдылар өз өнерлерін ортаға салып, алғашқы кезеңді қара сөзбен, өлеңмен таныстыру арқылы бастады. Екінші және үшінші кезеңдер өнер сайысы мен дайындаған тағамын таныстыру бойынша өтті. Оқушылар байқау барысында ән айту, би билеу, мәнерлеп оқу және актерлік шеберліктерін көпке паш етті.

СНХ: ДИЛЯРА БЕНИЕВА, №4 ОРТА МЕКТЕБІ ОҚУШЫЛАРЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ: Қазақта жақсы мақал бар ғой. Егер ұлтты танығың келсе, олардың қыздарын танып біл деген. Сондықтан да, бүгінгі шара арқылы қазақ қыздарының сұлулығын ғана емес, тәлім-тәрбиесін де көрсеткіміз келді. Әу бастан-ақ халқымыз қыздардың бойына үлкенге деген құрмет және ұлттық құндылықтарды дарытып өсірген.

РКС: Қыз сынына мектептің 5 оқушысы қатысты. Жеңіске жетуге бәрі де ынтық. Сайыс барысында қыз баланың сахнадағы мәдениеті, өнер көрсету сапасы мен деңгейі, өзі жасаған тамағын түсіндіре отыра, пайдасы жайлы айтып беруі тиіс еді.

СНХ: ДИНАРА КӘКІМОВА, №4 ОРТА МЕКТЕБІНІҢ ОҚУШЫСЫ: Бұл байқау қыздардың патриоттық сезімін арттыруға арналған. Ұлттық киімде біз өзімізді ерекше сезінеміз. Байқаудың еш қиындығын сезгем жоқ. Таныстыру кезінде өзіміз жайлы қазақ тілінде айтып беруіміз керек. Менің қатарластарым өзге ұлт өкілі бола тұра, мемлекеттік тілде өзін таныстырғаны қатты таң қалдырды. Бұл қасиетімен қыздар өзінің осы елдің азаматы екенін көрсетті. Сайысқа қызу дайындалдық. Онымен қоса, домбыра үйірмесіне де барып жүрмін.

РКС: Қазылар алқасы бірінен-бірі өткен сұлу қыздардың өнерлеріне риза болды. Өскелең ұрпақтың ұлттық салт-дәстүрге деген құрметі қуантады. Қатысушы қыздардың ішінен суырылып шыққан 10 сынып оқушысы Динара Кәкімова бас жүлдені еншіледі. Екінші орынды 9 сынып оқушысы Мәдина Шықатаева иеленсе, үшінші жүлдені 9 сынып оқушысы Дарья Калашникова жеңіп алды.

МАҚПАЛ ЕРҒАЛИЕВА, САБЫРБЕК ШЕРИЯЗДАНОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ