ДИКТОР: Елімізде білім алып жүрген шетелдіктер қазақтың тілі мен мәдениетіне қызығады. Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің студенттері тіл үйреніп қана қоймай, қазақ мәдениетін, әдебиетін зерттеп, ұлы тұлғалардың туындыларын жаттап жүр.

ИНТЕРШУМ: Абайдың «Желсіз түнде жарық ай» әнін орындайды

РКС: Бұл Ұлы Абайдың әндерін жаттап, қазақтың мәдениетіне, әні мен жырына қызығушылық танытып жүрген пәкістандық Файз Әли. Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің медицина кафедрасында білім алады. Бұрын тек ана тілінде шырқаса, енді репертуарын қазақша әндермен толықтырып жатқан көрінеді.

СНХ: FAIZ ALI, Ш.УӘЛИХАНОВ АТЫНДАҒЫ КӨКШЕТАУ УНИВЕРСИТЕТІНІҢ СТУДЕНТІ: Мен Шоқан Уәлиханов университетінде медицина факультетінде оқимын. Қазақ тіліне деген қызығушылық бірінші курстан басталды. Қазақ тілі сабағы маған ұнады. Мен университеттің вокал студиясына қатысамын. Азамат ағай мені қазақ мәдениетімен таныстырды. Маған Абай Құнанбаевтың әндері ұнады. Қалалық, облыстық сайыстарға қатысып жүлделі бодым.

РКС: Қазақ тілін жетік меңгеріп алуды мақсат еткендердің бірі- Абдулбасит. Ауғанстанның азаматы біздің елге 2 жыл бұрын келген. «Өзім сияқты Қазақстанда оқыған таныстарымнан бұл жақтағы білім сапасының жақсы, басқа елдерге қарағанда медицинаның қолжетімді екенін білдім»,-дейді. Өзінің ана тілі саналатын пушту тілін, ағылшын, парсы және түрік тілін жетік меңгерген. Ал, Қазақстанға келгесін қазақ тілін білудің маңыздылығын түсініп, үйрену жолдарын іздей бастапты. Шыны керек, екі жылда қазақ тілін жап-жақсы меңгеріп алғаны байқалады. Оған қазақ және түрік тілдерінің ұқсастығы әсер еткенін айтады.

СНХ: ABDUL BASIT ALI ZAI, Ш.УӘЛИХАНОВ АТЫНДАҒЫ КӨКШЕТАУ УНИВЕРСИТЕТІНІҢ СТУДЕНТІ: Қазақ тілі сабағында Аягөз ұстаз қазақ халқының салт-дәстүрлерімен, мәдениетімен таныстырды. Мысалы, асық ату, үйлену тойы, беташар. Наурыз мейрамы болғанда бауырсақ жедік, қымыз іштік. Бізге ол өте қызық болды. Достарыммен қазақша сөйлеуге тырысамын.

РКС: Жалпы, Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінде әлемнің 16 елінен келген 400-ден астам студент білім алып жүр. Көбінің қазақ тілін білуге деген құлшынысы мол. Сондықтан, олар үшін тегін тіл үйрету курстары ашылған.

СНХ: ГҮЛГҮЛ ЫСҚАҚОВА, Ш.УӘЛИХАНОВ АТЫНДАҒЫ КӨКШЕТАУ УНИВЕРСИТЕТІНІҢ ЛЕКТОРЫ: Әрине, олар медицина факультетінде оқып жатқандықтан біз оларға сол медицина саласына қатысты терминдерді үйретеміз. Келген науқастармен коммуникацияға түсуді үйретіп жатырмыз. Жалпы, студенттердің қызығушылығы өте жоғары. Мысалы, бір семестрде 2-3 ай көлемінде олар 600-700 сөз үйреніп кетеді. Және белгілі бір тақырыптарда тілдік коммуникацияға еркін түсе алады.

РКС: Шетелдік студенттер біздің ұлттық мейрамдарымызды асыға күтеді. Өйткені, қонақжайлылығымен танылған қазақ достары түрлі тағамнан дәм таттырып, салт-дәстүрлермен таныстырады. Яғни, әр мереке сайын олардың қазақтың тілі мен мәдениетіне деген қызығушылықтары арта түседі.

ФАРИЗА АСЫЛБЕКОВА, МЕДЕТ ҚАЙЫРКЕНОВ КӨКШЕ АҚПАРАТ