ДИКТОР: Еліміз бойынша өткен аптада «Көктем-2024» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығу жиыны өтті. Төтенше жағдайлардың алдын алу мен оны жою мақсатында нақты кешенді шаралар пысықталды. Ақмола облысында су тасқыны кезеңіне азаматтық қорғау органдарының дайындығы тексерілді. Аршалы ауданына қарасты Жібек жолы ауылының таңдалуы да тегін емес. Бұған дейін аталған елді мекен су астында қалып, тұрғындар біраз зардап шеккен еді.

РКС: Аймақ басшысы Марат Ахметжановтың бастамасымен төтенше жағдайлар жөніндегі облыстық комиссияның кезектен тыс отырысы өтті. Оған жуырда жаңадан тағайындалған төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов пен су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов қатысты. Сонымен қатар жиынға жергілікті атқарушы органдардың, «Қазсу шаруашылығы» мен «Қазгидрометтің» республикалық мемлекеттік кәсіпорындарының өкілдері де атсалысты. Отырыс барысында Астана су қоймасында қажетті су қорын сақтай отырып, биылғы су тасқыны кезеңінен қауіпсіз өту мәселелері қаралды.

СНХ: МАРАТ АХМЕТЖАНОВ, АҚМОЛА ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ: Ғылыми тұрғыда негізделген тәсілді ескере отырып, барлық шара қолданылуда. Жер қанша тереңдікке дейін қатқан, қанша ылғал бар, соның бәрі зерделенді. Қалпына келтіруге жататын судың мөлшері болуы керек. Дегенмен біз қор болуы қажет екенін жақсы түсінеміз. Су қоймасы тіршілік нәріне толып тұруы керек. Астаналықтар үшін су қорын жасақтау қажет.

РКС: Оқу-жаттығу жиынының практикалық бөлігінде төтенше жағдапй қызметі су тасқынының алдын алу шараларын пысықтады. Тұрғындарды дыбыс сиренасы арқылы орын алуы ықтимал қауіп туралы ақпараттандырды. Үй-үйді аралауға волонтерлер тартылды. Құтқарушылар жедел түрде инертті материалды әзірлеп, қаптарды әп-сәтте қойып шықты. Арнайы техника қолданылды. Мотопомпаның күшімен қар суы сорғызылды. Тұрғындар мен үй жануарлары эвакуацияланды. Су басқан аймақтан жүзу құралдарының көмегімен шығу жоспарланған.

СНХ: ҚАНАТ ДОСПАЕВ, ОБЛЫСТЫҚ ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙЛАР ЖӨНІНДЕГІ ДЕПАРТАМЕНТІ БАСТЫҒЫНЫҢ МІНДЕТІН АТҚАРУШЫ: Су тасқының алдын алуға қатысты ұйымдастырылған оқу-жаттығу жиыны барысында іс жүзінде жүргізілуге тиісті нақты шаралар қамтылды. Төтенше жағдай кезінде әрекет етуге тұрғындарды үйрету, оларды құлақтандыру, сонымен бірге қауіпті учаскелерде бөгеттерді нығайту. Төтенше жағдай орын алған кезде тұрғындар малдарын қайда қамауы керек, қалай эвакуациялау қажет? Осыларды түсіндірдік. Инертті материалдар дайындалды.

РКС: Ақмола облыстық азаматтық қорғау аумақтық қосалқы жүйесі су тасқынының алдын алуға дайындықты аяқтауға жақын. Аймақта 21 мың тоннадан астам инертті материал, 80 мың қап, сондай-ақ 210 тонна жанар-жағар май әзірленді. Елдімекендердің ішінде қардың жаппай еруінен тұрғын үйлердің су басуына жол бермеу үшін қар шығару жұмысы қарқынды жүргізілуде. Бүгінгі күнге дейін 300 мың текшее метр қар шығарылды.

МАҚПАЛ ЕРҒАЛИЕВА, ЭЛЬМИРА ОСПАНОВА, ЕРСАЙЫН ҚОЙШЫБАЕВ, БАУЫРЖАН СМАҒҰЛОВ, ЖАСБЫЛ БАЛТАЕВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ