ДИКТОР: Ауған соғысының ардагерлері өскелең ұрпақ өкілдерімен кездесуді жалғастыруда. Соғыстың зардабын тартып, ұрыс қимылының ортасында болып келген аға ұрпақ өкілі жастар ол зұлматты көрмесе екен деп тілейді. Кеңес әскерлерінің Ауған жерінен шығарылғанына биыл 35 жыл толады. Айтулы дата қарсаңында ардагерлер студенттермен және мектеп оқушыларымен кездесті. Оларға ауған соғысы куәгерлерінің тарихынан сыр шертетін үшінші жинақтың таныстырылымы өткізілді. Айта кетейік, жинақты жергілікті қаламгерлер құрастырған.

РКС: 1989 жылдың 15 ақпанында Кеңес әскерлері Ауған жерінен шығарылды. Ақмола облысынан сол соғысқа 1113 жауынгер аттанса, оның 64-і елге оралған жоқ. Ұзақ уақыт бойы Ауған соғысы ардагерлеріне мемлекет тарапынан қолдау да болмады. Тек соңғы жылдары сең қозғалып, берілуге тиіс барлық жеңілдік қайта қаралды. Қазір облыс басшылығы тарапынан ардагерлерге көп көңіл бөлініп, жеңілдіктер мен зейнетақылар тағайындалуда. Кеңес әскерлерінің Ауған жерінен шығарылғанына 35 жыл толуына орай облыста бірқатар ірі шара өткізу жоспарланып отыр.

СНХ: ДУАНБАЙ ЫБЫРАЙ, АУҒАН СОҒЫСЫ АРДАГЕРЛЕРІ МЕН МҮДЕКТЕРІ ОБЛЫСТЫҚ ОДАҒЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ: Биыл бізде облыс әкімінің жүлдесі үшін Ауған соғысы ардагерлері арасында волейболдан VII республикалық турнир өтеді. Бұл үлкен оқиға. Көкшетауға барлық облыстардан ардагерлер келеді. Оны шілденің 4-і мен 6-сы аралығында өткіземіз деп отырмыз. Дәл 15-ші ақпанда ескерткіш ашылады.

РКС: Соғыс жылдарының әр сәті тарихшылар мен жазушылардың тірнектеп жинаған ақпаратының арқасында қағаз бетіне түсіріліп, мәліметтер толыға түсуде. Олар көзі тірі ардагерлердің өз аузынан естеліктер жазып алып, фото және бейнематериалдар, сол жылдары ұрыс даласынан туған-туыстарына жазған хаттарды жинақтайды. Осындай еңбектің негізінде 2 кітап жарыққа шықты. 15-ші ақпанда үшіншісі оқырман қолына тиеді.

СНХ: ӘЛИЯ АХЕТОВА, ЖАЗУШЫ: Облыстың барлық ауданын шарлап, ақпарат жинадық. Бұл кітапта әр майдангердің сол кездегі жан күйзелісі, жаумен арпалысқан сәттерінің естілігі сипатталады. Мен бұл жинақты барлық жерлестерім оқып шықса екен деймін.

РКС: Кездесуге жиналған өскелең ұрпақ ардагерлердің әңгімесін мұқият тыңдап, соғыс жылдарындағы сәттерге қатысты сұрақтар қойды. Соңынан жиналғандар үшін шағын концерт те ұйымдастырылды.

ИНТЕРШУМ: концерт

БАЛҒЫНБЕК СӘДУ, ВАСИЛИЙ ПАВЛИДИ, ПАВЕЛ СОЛОВЬЁВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ