ДИКТОР: «Қазақстан Республикасы азаматтарының төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және банкроттығы туралы» Заң 2022 жылдың үшінші наурызынан бастап күшіне енді. Бұл Заң жеке кәсіпкер ретінде тіркелмеген Қазақстан Республикасы азаматының төлемге қабілетсіз болуына байланысты туындайтын қатынастарға қолданылады.Күні бүгінге дейін Көкшетау қалалық соты банкрот деп тану туралы оннан астам істі қараған.

РКС: Азаматтардың банкроттық рәсімдерінің 3 түрі болады, олар: соттан тыс банкроттық, сот банкроттығы және төлем қабілеттілігін қалпына келтіру. Егер борышкердің банктер, микроқаржы ұйымдары мен коллекторлар алдындағы қарызы 5,5 млн. теңгеге дейін болса, меншігінде жылжымалы және жылжымайтын мүлік болмаса, ол соттан тыс банкроттыққа жатады. Ондай істерді мемлекеттік кіріс басқармасы жүргізеді. Ал, қарыз мөлшері 5,5 миллионнан асып кетсе, банкроттық тек сот арқылы рәсімделеді.

СНХ: ҚАЗБЕК ДЕГЕНБАЕВ, КӨКШЕТАУ ҚАЛАЛЫҚ СОТЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ: Бұл заң күшіне енгелі Көкшетау қалалық соты 11 істі қарады. Оның бесеуі әлі сот өндірісінде жатыр, үшеуінде арызданушылар талап арыздарын қараусыз қалдыру жөнінде өтініш білдірді. Қалғандары бойынша біз талап қоюдан бас тарту туралы шешім шығардық. Сонда, тек 1 ғана іс қанағаттандырылды.

РКС: Соттан тыс банкроттықтың оң тұстары да бар. Айталық, банкрот мәртебесі берілмейді, шетелге шығуға тыйым салынбайды, төлем қабілеттілігі қалпына келген жағдайда несие алғанда қаражат мөлшеріне шектеу қойылмайды және қаржы мониторингі жүргізілмейді.

СНХ: ҚАЗБЕК ДЕГЕНБАЕВ, КӨКШЕТАУ ҚАЛАЛЫҚ СОТЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ: Егер қарыз бес жыл ішінде төленбесе және мөлшері 1600 айлық есептік көрсеткіштен көп болса, сотқа жүгінуге болады. Егер сот жеке тұлғаны банкрот деп тану туралы шешім шығарса, қаржы менеджерін тағайындайды. Және борышкерлердің барлық активтері сол менеджердің билігіне өтеді. Яғни, менеджер барлық құқықты өзіне алады. Жеке тұлға жайлы ақпараттарды сотқа жеткізіп, банкрот деп танудың қаншалықты қажет екендігін анықтайды.

РКС: Сот банкроттығының борышкер үшін ұтымсыз тұсы да бар. 5 жыл ішінде қаржы ұйымдарынан қарыз алуға рұқсат берілмейді. Үш жыл бойы уәкілетті орган мүлік сатып алу және келісім жасау шараларына тексеріс жүргізіп отырады. Яғни, борышкер бірнеше жыл бойы қатаң бақылауға алынады. Қалай болғанда да, қарыздан уақытылы құтылып, сот өкілдерінің қара тізіміне енбеген абзал.

ФАРИЗА АСЫЛБЕКОВА, ДАРХАН МҮЖІБАЕВ КӨКШЕ АҚПАРАТ