ДИКТОР: Ақан сері атындағы жоғары мәдениет колледжінің студенттері ART-жастар көрмесін ұйымдастырды. «Киім дизайны» мамандығының студенттері түрлі сәнді киім үлгісімен қатар кенепке майлы бояумен салынған картиналар көздің жауын алады.

РКС: Көрмеге «Дизайн және интерьер дизайны», «Киім дизайны» мамандықтарында оқып жатқан студенттердің шығармашылық жұмыстары қойылған. Әр туындының өзіндік тарихы бар. Түрлі техникада орындалған. Оған қоса, шағын арт нысандар да алыстан мен мұндалап тұрғандай.

СНХ: НҰРБЕК НҰРАЛИН, ОБЛЫСТЫҚ ӘДЕБИЕТ ЖӘНЕ ӨНЕР МУЗЕЙІНІҢ ДИРЕКТОРЫ: Көкшетау төңірегінің қылқалам шеберлерінің дәстүрлі түрде көрмесі өтіп жатады. Біздің негізгі міндетіміз жас, кәсіпқой суретшілер болсын, орта буын суретшілері болсын олардың өнерін және жұмыстарын халыққа паш ету.

РКС: Ал колледждің көркемсурет факультетінің студенттері де көрмеге ұзақ уақыт дайындалған. Өнерге құштарлық оянған кезде бір картинаны бір сағат көлемінде дайындап шығуға болады, - дейді жастар. Кейде, қол жүрмей, туындыны аяқтау біраз қиындық тудыратынын да атап өтті.

СНХ: ЮРИЙ ПОПОВ, ҚР СУРЕТШІЛЕР ОДАҒЫНЫҢ МҮШЕСІ: Бүгінгі көрмені зерделеп шықтым. Студенттердің дайындық деңгейі жоғары дер едім. Бұл ең алдымен студенттердің жауапкершілігін аңғартса керек. Осындай бағыттағы көрмелер ұйымдастырылғанда қуанамын. Оның үстіне жастардыкі болса, тіптен риза боламын. Әр алуандығымен баурап алады. Кескіндеме, модель, инсталляция бәрін кездестіруге болады.

РКС: Жас суретшілер мен дизайнерлердің өмірлік мақсаты айқын. Музейдегі көрмені тамашалауға келгендер студенттердің картиналарына ұзақ қарап, қаншалықты айнытпай бейнеленгеніне сүйсінді.

МАҚПАЛ ЕРҒАЛИЕВА, ПАВЕЛ СОЛОВЬЕВ, АРДАҚ ТІЛЕУҒАБЫЛОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ