ДИКТОР: Көкшетау қаласының 36 оқушысы ағылшын тілін оқытуға арналған Access стипендиялық бағдарламасын сәтті аяқтап, сертификат алды. Айта кетейік, салтанатты шараға АҚШ-тың Қазақстандағы елшісі Дэниел Розенблюм қатысты. Ол ақмолалық оқушыларға жаңалыққа жаны құштарлықтары үшін алғыс білдірді.

РКС: Ағылшын тілін үйренуге арналған стипендиялық бағдарлама Қазақстанда 2007 жылдан бері жұмыс істейді. Тілді меңгеруге ниет білдіргендер жыл сайын конкурстық негізде қабылданады. Сабақтарды жергілікті мұғалімдер жүргізеді. Оқушылар тілдік курстан бөлек, көшбасшылық қабілеттерді, сыни ойлауды және топтық жұмысты дамытатын сыныптан тыс шаралар мен үйірмелерге де қатысады.

СНХ: ДИАНА КӘКЕНОВА, НАЗАРБАЕВ ЗИЯТКЕРЛІК МЕКТЕБІНІҢ ОҚУШЫСЫ: Бұл бағдарлама 2 жылға созылды. Оның барысында біз Американың мәдениеті туралы көп нәрсе білдік. 2 жыл бойы шетелдік мұғалімдермен де сөйлестік. Маған бұл бағдарламаның көшбасшылық қабілеттерді дамытуға ерекше назар аударатыны ұнады. Болашақта өз жобаларымды бастасам деймін. Мүмкін балалардың әлеуетін дамытуға мүмкіндік беру үшін волонтерлік ұйым ашып қалармын.

РКС: Шара бастан-аяқ ағылшын тілінде өтті. АҚШ елшісі бұл бағдарлама болашақта жұмысқа орналасуға, одан әрі білім көкжиегін кеңейтуге де зор ықпал ететінін атап өтті. АҚШ-тағы мәдени және академиялық алмасу бағдарламаларына да қатысуға зор мүмкіндік бар.

СНХ: ДЭНИЕЛ РОЗЕНБЛЮМ – АҚШ-ТЫҢ ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ТӨТЕНШЕ ЖӘНЕ ӨКІЛЕТТІ ЕЛШІСІ: Көкшетау мен Ақмола облысындағы бағдарламалар оқушыларға беріліп отырған зор мүмкіндік. Бұл ең алдымен Қазақстанда да, сонымен бірге әлемнің кез келген түкпіріндегі түрлі оқу орындарына есік ашылады деген сөз. Бүгін курсты 36 оқушы тәмамдап отыр. Бұл тек Көкшетау қаласы бойынша ғана. Жалпы Қазақстан бойынша 15 жыл ішінде біз 2700-ден астам студентті оқыттық.

РКС: Ағылшын тілін оқытудың келесі легін бастау жоспары қазірдің өзінде қолға алынып отыр.

КАМИЛА ҚАБДРАШЕВА, ӘДІЛЕТ ҚАБЫКЕН, ЗАРИНА БЕКҚАЛИЕВА, ДАРХАН МҮЖІБАЕВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ