ДИКТОР: Былтыр Ақмола облысы ауыл шаруашылығы саласында үздік үштікке енді. Өткен жылы мал шаруашылығында өндірілген жалпы өнім көлемі 370 миллиард теңгеге жетті. Ал, өңірдегі мал басы бір миллионнан асады. Дегенмен, ауыл шаруашылығы саласының мамандары мұнымен шектелмек емес. Олардың алға қойған жоспары айқын.

РКС: Мал шаруашылығы саласында, әсіресе, сүт өндірісіне ерекше көңіл бөлінеді. Өңірде аталмыш өніммен айналысатын 56 мекеме бар. Алайда, сүт өңдеу зауыттары бар мүмкіндігі мен қуатын 100 процентке пайдаланбай отыр. Ол үшін фермалардың санын және жұмыс істеп тұрған мекемелердегі сүт өндіру көрсеткішін арттыру қажет.

СНХ: ҚАСЫМ ИТҚҰСОВ, ОБЛЫСТЫҚ АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ ЖӘНЕ ЖЕР ҚАТЫНАСТАРЫ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: Сауылатын мал басы, шамамен, 15 мың. Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілері 100 мың тоннаға жуық сүт өндіреді. Әзірге, бұл барлық көлемнің төрттен бір бөлігі ғана, бірақ, қарқын артып келеді. 2023 жылы біз ірі 7 сүт-тауар фермасы құрылысының жобасын жүзеге асыруды бастадық. Сауын басын тағы 6 мыңға арттыруды көздеп отырмыз. Ойымыз іске асса, тауарлы сүт өндірісін 32 мың тоннаға дейін арттырмақпыз.

РКС: Ақмола облысы тауық жұмыртқасын өндіру бойынша да үздік деп танылған. Өткен 12 айда 700 миллион дана жұмыртқа өндірілген. Бұл облыстың ғана емес, елорда мен басқа да өңірлердің сұранысын қанағаттандыруға жетеді. Дегенмен, ауыл шаруашылығы басқармасындағылар біздің өңір ет өнімдерін өндіру жағынан алдыңғы сапта емес дейді. Өткен жылы сала мамандары 23 мың тонна ет өндіріпті.

СНХ: ҚАСЫМ ИТҚҰСОВ, ОБЛЫСТЫҚ АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ ЖӘНЕ ЖЕР ҚАТЫНАСТАРЫ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: Бұл көрсеткіш бойынша біз облыстар арасындағы рейтінгінің ортасында тұрмыз. Атқаратын жұмыс, түзейтін жерлеріміз бар. Солар бойынша жұмыс істеп жатырмыз. Жаңа ет фермалары құрылуда. Өткен жылы 46 ет фермасын іске қосып, асыл тұқымды мал басын 2500ге көтердік. Жалпы, барлық жұмыс бордақылау алаңдарының қуаттылығын арттыруға, ірі қара мал етінің көлемін көбейтуге бағытталған.

РКС:Айта кетейік, ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев агроөнеркәсіп кешенінде өндіріс көлемін екі есеге көбейтуді міндеттеді. Бүгінгі таңда, ауыл шаруашылығы саласының 30 бағыты бойынша жол картасы әзірленді. Оның ішінде мал шаруашылығы да бар. Ал, ақмолалықтардың алдында мал басын 1,5 есеге дейін арттыру тапсырмасы тұр. 2028 жылы өңірде 600 мың бастан астам ірі қара мен 1 миллионнан аса ұсақ мал болуы тиіс.

ФАРИЗА АСЫЛБЕКОВА, ВАСИЛИЙ ПАВЛИДИ, ДАРХАН МҮЖІБАЕВ, БЕКЖАН ТӨЛЕБЕК КӨКШЕ АҚПАРАТ