ДИКТОР: Ақмола облысының аумағында кадрларды дайындау саласында 30-ға жуық колледж техникалық және кәсіптік білім беруді жүзеге асырып келеді. Онда 20 мыңнан астам студент білім алуда. Соның 16,5 мыңдайы тегін оқумен қамтылған. Дуалды оқытуды дамыту аясында кәсіпорындармен ынтымақтастық жолға қойылған.

РКС: Техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдары 100-ге тарта мамандық бойынша оқытады. Биылғы оқу жылында қосымша бірнеше жаңа мамандыққа машықтандыру үшін лицензия алынды.

СНХ: ШОҚАН ОРАЗАЛИН, ОБЛЫСТЫҚ БІЛІМ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ: Жалпы студенттердің тең жартысынан астамы техникалық және аграрлық мамандықтар бойынша білім алуда.1500 студент кәсіпорынның өтінімдері бойынша мақсатты мемлекеттік тапсырыс аясында оқиды. Осылайша студенттер оқып жүрген кезінде-ақ жұмыс тапты. Ал жұмыс берушілер өз кезегінде оқу процесіне қатысуға мүмкіндік алды. Биылғы оқу жылында кәсіпорындардың өтінімдері бойынша мемлекеттік тапсырыс аясында 667 талапкер қабылданды. Көкшетау жоғары техникалық колледжі "Көкшетау жылу" мекемесімен 40 маманға келісім-шарт жасасты. Оның 25-і "Жылу техникалық жабдықтар және жылумен жабдықтау жүйелері" мамандығына, 15 орын "Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы нысандарының инженерлік жүйелерін монтаждау және пайдалану" бойынша.

РКС: Жыл сайын колледждерге қабылданғандар мен оны тәмамдайтындардың саны 6 мың студенттен асып отыр. Түлектердің 72 проценті тұрақты жұмыспен қамтылған. Барлық колледжде жұмыс берушілердің қатысуымен индустриялық кеңестер құрылған. Өңірдің 700-ден астам кәсіпорнымен ынтымақтастық орнаған.

СНХ: ШОҚАН ОРАЗАЛИН, ОБЛЫСТЫҚ БІЛІМ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ: 26 колледж дуалды оқыту формасын қолданады. Мемлекеттік тапсырыс аясында аталған технология бойынша 4 мыңнан астам студент білім алып жатыр. Тәжірибе мен тағылымдамадан өту кезеңі еңбек өтіліне енгізіледі. Мысалы, Бурабай колледжінің 48 студенті «КТЖ – жүк тасымалы» Ақмола бөлімшесінің серіктестігінде дуалды оқытумен қамтылған.

РКС: Индустрияның қарқынды дамуын назарға ала отырып, республикада «Жас Маман» жобасы іске асырылды. Оған аймақтан 11 колледж қатысты. Оқу орындары 3,4 млрд. теңгеге заманауи жабдықтар сатып алды. Облыс колледждерінде 30 құзыреттілік орталығы құрылған. Олар нақты өндіріс жағдайында кадрларды даярлауға мүмкіндік беретін заманауи жабдықтармен жарақтандырылған.

МАҚПАЛ ЕРҒАЛИЕВА, ДАРХАН МҮЖІБАЕВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ