ДИКТОР: Жастарды жұмыспен қамту мәселесі өзекті. Сұранысқа ие мамандардың тапшылығы аймақта қатты сезіледі. Осы олқылықтың орнын толтыру мақсатында өңірде бірқатар шаралар қолға алынып, жүзеге асырылуда. Соның бірі-бос жұмыс орындарының жәрмеңкесі. Бұл жолы орта арнаулы оқу орындарының студенттеріне «Новопэк» зауыты осындай шара ұйымдастырып, кәсіпорынның жұмыс барысымен таныстырды.

РКС: Еңбек нарығында жұмыссыздық мәселесі толығымен шешілген жоқ. Жуырда облыстық жастар ресурстық орталығы «Елге қызмет –абыройлы міндет» жобасын іске қосты. Ондағы міндет оқу орнын аяқтағалы отырған жастарды жұмысқа орналастыруға жәрдемдесу. Көкшетаудағы Қазақ гуманитарлық-техникалық және «Арна» колледждерінің студенттеріне «Новопэк» зауытының тыныс-тіршілігі таныстырылды. Экскурсия барысында зауытта сұранысқа ие мамандықтар туралы сөз қозғалды.

СНХ: ДАНИИЛ ТУПИКОВ, «АРНА» КӨКШЕТАУ ЖОҒАРЫ КОЛЛЕДЖІНІҢ СТУДЕНТІ: Компания жақсы жұмыс орындарын ұсынып жатыр. Колледжді енді бітіретін түлектер үшін бұл таптырмас мүмкіндік. Жұмыс барысын түсіндім. Бұл жерге жаңадан орналасқан жұмысшы тәжірибеден өткен соң, жұмыстың қыр-сырын меңгеріп, іске тез икемдене алады деп ойлаймын. Жалақысы да тұрақты екен. Ең бастысы осы ғой.

РКС: Кәсіпорында 1 мыңнан астам жұмысшы бар. 160-қа жуық маман иесі еңбек етеді. Биыл өндіріс қуаттылығын арттыру жоспарланып отыр. Соған байланысты кәсіпорында жаңа жұмыс орындары пайда болмақ.

СНХ: МӨЛДІР ҚАЙРУЛИНА, «НОВОПЭК» ЗАУЫТЫНЫҢ ӨНЕРКӘСІП ЖҮЙЕСІН ДАМЫТУ БӨЛІМІНІҢ МАМАНЫ: негізгі 4 бағыт бойынша жұмыс істейді. Бізде әр бағыт бойынша қосымша жұмыс орындары ашылып жатыр. Негізгі бағыт бойынша тігінші, тоқымашы, биотехнолог, технология мамандығының иелері, техникалық бағыттағы орта, жоғарғы оқу орындарын тамамдаған мамандар қажет болады.

РКС: Бос жұмыс орындарының жәрмеңкесі жұмыс беруші мекемелер мен жас мамандардың арасындағы алтын көпір. Болашақ мамандардың кез келген кәсіпорынмен танысып, еркін форматта жүздесуіне ықпал етеді.

РИЗАГҮЛ ШӘМЕНОВА, ПАВЕЛ СОЛОВЬЕВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ